«Нұрсұлтан Назарбаев: Жақсы жұмыс істеп жатқан әкімді ауыстырмаймын»- БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 17 қыркүйек, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Нұрсұлтан Назарбаев: Жақсы жұмыс істеп жатқан әкімді ауыстырмаймын»- БАҚ-қа шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымында «Қартаймаудың құпиясы» деген мақала басылған. Қазақстан Президенті Іс басқармасының Алматыдағы медициналық орталығында Ресей медицина академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа геронтология және гериатрия қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Владимир Хавинсон тәжірибе-сағатын өткізіп, адам ағзасының тез қартаюына әкелетін жайттар жайында кеңінен ақпарат берді. Соңғы 10 жылда еліміздегі ана өлімі 3 есе азайып, сәбилердің шетінеуі - 1,5 есе кеміген. Ал халықтың орташа өмір сүру жасы 69-ға жеткен. Міне, бұл көрсеткіштер Қазақстанда адам дамуы индикаторының жетістігіне, халықтың денсаулығын қорғау жүйесіне қосылған үлкен үлес. Ресейдің геронтология ғы­лы­мы саласындағы көрнекті ға­лымының аталмыш ауруханаға келіп тәжірибе-сағатын өткізуінің өзіндік сыры бар. Қазақстан Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының бас дәрігері Әмір Ахетовтің айтуынша, мұнда медицина ғылымдарының докторы, профессор В.В.Бенбериннің жетек­шілік етуімен қартаюдың тіндік, гуморальдық, ну­три­­­циональдық және пато­гене­тикалық тетіктерінің дамуы, сондай-ақ, гериатрия саласында клиникалық ғылыми жұмыстар жүргізуде бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерге тұрақты меди­циналық қызмет көрсететін емдеу орны негізгі база болып табылады. Соның нәтижесінде Орталықтағы ме­дициналық кызмет көрсететін контигенттердің орташа жасы 80-ге жетті. Мұнда 90 және одан да жоғары жастағы 158 адам тіркелген.

- Ғалымдар әдемі қартаю мен жастықты сақтаудың жолдарын, әдістерін мыңдаған жылдар бойы іздеп келеді, - дейді профессор Владимир Хавинсон. - Дәлірек айтсақ, бұл ғылымның, оның ішінде фундаментальды ғылымның еншісінде. Қазіргі кезде ғалымдар қартаюдың әртүрлі анықтамаларын табуда. Біреулері қартаюды жасушалық заттың физико-химиялық құрылым өз­герісі десе, өзгелердің ойынша, қартаю ішкі және сыртқы ортадан қорғанудың, физиологияның төмендеуі дейді. Бірақ, қалай десек те, қартаю - табиғи құбылыс.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, жексенбі күні Астанада тұңғыш рет көкпардан өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Осы күні еліміздің бас командасы бес күн бойы «Қазанат» атшабарының шаңын қаққан командалар арасында тұңғыш Азия чемпионы атанды! Сөйтіп, көпшілігіміз күткендей, Азия чемпионы деген мәртебелі атақты басқа емес, өзіміздің ұлттық құрама командамыз иеленіп, Астана аспанында еліміздің әнұранын қалықтатты. «Осы күні біздің құрама финалда Қырғызстан командасымен кездесіп, 4:2 есебімен ұтты. Бұл кездесуде ат құлағында ойнаған жігіттеріміз Азия чемпионы атағын жеңіп алу үшін бар күш-жігерін жұмсап, айлар бойы төккен терінің жемісін көрді десе болады. Онда команданың бас жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаев бастаған ұлттық құрама өздерінің ептілігімен, бұла күшінің мықтылығымен жұртшылық алдында жанкүйерлерін жерге қаратпай, қарсыластарынан басым түсті. Кездесудің әділ, таза өткенін қырғыз құрамасының бас жаттықтырушысы да мойындап, алаңның бас төрешісі мен төрешілерге алғысын білдірді»,-деп жазады басылым. Бұл толық білгіңіз келсе « Қазақстан - көкпардан Азия чемпионы!» атты мақаланы қараңыз.

***

«Айқын» газетінде Елбасының Оңтүстік Қазақстан облысына сапары аясында көпшілік назарына «Нұрсұлтан Назарбаев: Жақсы жұмыс істеп жатқан әкімді ауыстырмаймын» атты мақала ұсынылып отыр. Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Елбасы бірінші Шымкентте құрылысы басталған жаңа әкімшілік - іскерлік орталығында болды. Жұмыс барысымен танысты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов әкімшілік-іскерлік орталықта салына бастаған, келешекте бой көтеретін ғимараттар мен басқа да әлеуметтік құрылыстар туралы Президентке жан-жақты әңгімелеп берді.

Облыстың қазіргі әкімшілік-іскерлік орталығы осыдан 60 жылдай бұрын салынған екен. Сондықтан жаңасын салу қажеттілігі туындағаны белгілі. Осыны байқаған Елбасы Шымкентке келген сапарларының бірінде «Шымкент қаласы республикада үшінші шаһарға айналуы тиіс» деген міндет қойған болатын. Сол міндетті орындау аясында жаңа орталық бой көтере бастады. Мұнда жалпыхалықтық көпшілік шаралар өтіп тұратын алаң, облыстық әкімдік пен оның басқармалары, облыстық мәслихат орналасады. Гүлзарлар көздің жауын алатын болады. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы үлкен, сұлу сәулет композициясы, керемет архитектуралық ансамблдер деуге болады. Олардың ішінде облыстық драма театры, облыстық орталық кітапхана, көрме залы, «Түркістан» деп аталатын салтанат сарайы, бірнеше білім беру және медициналық мекемелер, сондай-ақ 5 мың орынды облыстық мешіт, тағы басқалар салынбақшы.

Осы басылымның жазуынша, Құрлықтық хоккей лигасының биылғы маусымы басталғаны кеше ғана сияқты еді, командалардың алды бес бестен ойын өткізіп үлгерді. Қазақ жанкүйері үлкен сенім артып отырған Астананың «Барыс» ұжымы да төрт кездесу өткізіп, үш жеңіс пен бір жеңілісті еншісіне жаздырды. Өткен аптаның соңында елордалықтар Мәскеу облысының «Атлант» командасын аса тартысты ойында 5:4 есебімен ұтты. Биылғы дода басталғалы бергі кездесулерін түгелдей өз мұз айдынында өткізіп келе жатқан «Барыс» тек азуын айға білеген қарсыластарының бірі - Санкт-Петербордың «СКА» командасынан ғана 2:5 есебімен ұтылып қалған болатын. Ал қалған кездесулердің бәрінде басым түскен жерлестеріміз алдымен Череповецтің «Северсталін» 10:1, одан кейін Ярославльдің «Локомотивін» 5:2 есебімен жеңді. Сол сияқты Мәскеу облысының атынан өнер көрсететін «Атлант» командасы да Астанадан ұпайсыз қайтты. Бұл мақала «Төрт ойында - 22 гол!» атты тақырыппен жарияланды.