«Нұрсұлтан Назарбаев - «Жыл адамы» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ян Кубишті, «Heenan Blaіkіe» заң корпорациясының кеңесшісі, Канаданың бұрынғы Премьер-министрі Жан Кретьенді, Ислам Даму банкінің президенті Ахмад Мохаммед Али Әл-Маданиді, Азия Даму банкінің вице-президенті Шао Жаоны, ЕурАзЭҚ-тың Бас хатшысы Тайыр Мансұровты қабылдаған.
Мәселен, Азия Даму банкінің вице-президенті Шао Жаоны қабылдау кезінде екі жақты ынтымақтастықтың мәселелері талқыланған. «Азия Даму банкі атынан мен Президент Н.Ә.Назарбаевты дағдарыстық кезеңнен кейінгі елдегі табыстарымен және әлемдегі қолайсыз қаржылық жағдайға қарамастан жедел экономикалық өсімге қол жеткізгендігімен құттықтадым. Мен Президентке Азия Даму банкінің Қазақстанмен бірлескен ынтымақтастық бойынша не істеп жатқанын баяндадым. Биылғы жылы біз жол құрылысы саласы мен шағын және орта бизнесті қолдауда бірқатар жобаларды қаржыландыру үшін 1 миллиардтан астам доллар бөлуді жоспарлап отырмыз. Біз Қазақстанмен ынтымақтастық табысты болатынына сенімдіміз», депті Ш.Жао.
Сонымен қатар «Казахстанская правда» газетінің де Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Елбасы қабылдауында болған Ислам Даму банкінің президенті Ахмад Мохаммед Али Әл-Мадани, «мен үшін Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу және оны алдағы Елорда күнімен құттықтау үлкен құрмет. Мен Қазақстанның астанасы қандай қуатты қарқынмен дамып келе жатқанын, елдің экономикасының арта түскенін көріп отырмын. Бұған Президент Н.Ә.Назарбаевтың саясатының нәтижесінде қол жетіп отыр. Біз Қазақстанның келесі жылы Ислам Конференциясы Ұйымының төрағасы болатынына қуаныштымыз. Бұл Қазақстан мен ислам елдерінің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына көмектесетін болады», дейді.
Кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Канада үкіметінің бұрынғы басшысы Жан Кретьенмен кездесті. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазып отыр. Кездесу барысында әлемдік экономикадағы ағымдағы жағдайлар бойынша пікір алмасылып, Қазақстан-Канада экономикалық өзара қарым-қатынасының перспективалары талқыланған. «Премьер-Министр Кәрім Мәсімов кеше сондай-ақ, Ислам Даму банкінің президенті Ахмад Мохаммед Али Әл-Маданимен кездесті. Оның аясында Ислам банкингінің Қазақстандағы даму мәселелері мен екіжақты өзара іс-қимыл жайы талқыланды», деп жазады басылым.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесуші тараптар Қырғызстанда маусымның 27-інде өткен референдумды талқылай отырып, плебисцит айтарлықтай ереже бұзушылықтарсыз, тыныш жағдайда өткені туралы халықаралық бақылаушылар берген бағамен келісті. Екеуара әңгімеде жақын арада сенім мен төзімділік жағдайын қайта орнату маңыздылығы аталып өтілді. Сонымен қатар, Ұйымның саммитін, шілденің 16-17-сі аралығында Алматыда өтетін ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесін өткізу мен дайындық шаралары қарастырылды.
«АҚШ Мемлекеттік хатшысы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа және ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалыққа Орталық Азия аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатудағы үлесі үшін алғысын білдіріп, қолдайтындығын жеткізді», деп жазады басылым.
***
«Әр нәрестеге депозит ашу мәселесін мемлекеттік деңгейге дейін көтеретін уақыт жетті ме?». «Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санындағы «Ой-көкпар» айдарының бүгінгі сауалы осылай өрілген. Сауалға жауап берген саясаттанушы, Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғали «жалпы елімізде туылған әрбір балаға арнап депозит ашу жүйесін жаппай енгізетін уақыт жетті. Қазір ең алдымен халқымыздың санын көбейтуді мақсат етіп отырғандықтан, демографияны көтеретін барлық іс-әрекеттерден бас тартпауымыз керек. Қазіргі таңда халқымыздың саны аз. Мұнайдан түсетін табыспен салыстырғанда, біздің жас аналарға көрсетіп отырған көмегіміз де мардымсыз», десе, Қазақстанның демография ғылымының негізін салушы Мақаш Тәтімов, «елімізде туылған әрбір балаға жеке-жеке депозит ашу мүмкін емес шығар, алайда төртінші баладан бастап мемлекет өз мойнына алса, құба-құп болар еді. Осы орайда өз басым отбасында туылған әрбір балаға емес, төртінші баладан бастап депозит ашуды қолдар едім», деген пікірін алға тартады.
«Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік нөмірінде еліміздегі қылмыскерлердің жасарып бара жатқандығын көтеріп отыр. Басылымның келтірген деректеріне қарағанда, қазіргі таңда 17 мыңнан астам жасөспірім қылмыстық есепте тұр екен. Ал былтырғы жылы балалар қолымен жасалған қылмыс саны 5 мыңды құраса, ағымдағы жылдың басынан бері 2 мыңдай бала кездейсоқ қылмыстардың құрбаны болып үлгерген. Бұл жайында тереңірек басылымның бүгінгі санындағы «Қылмыскерлер жасарып барады» деген мақаладан оқи аласыздар.
Астана шаһарында бокстан өтіп жатқан Елбасы кубогы халықаралық турнирінің шаршы алаңдағы бәсекелері енді қызып келеді. Кеше екінші күн қорытындылады. Спорттың осы түрінің жанкүйерлері былғары қолғап шеберлерінен кімнің ұтылғанын, кімнің ұтқандығын «Алаш айнасы» газетінен оқи алады. Мәселен, 69 келі салмақта өнер көрсететін Серік Сәпиев қарсыласы сириялық Абул Азизді алғашы минутта-ақ нокаутқа жіберген. Осы боксшы басылым тілшісіне берген сұхбаты барысында «Елбасы кубогының кешегі ашылу салтанатына келген әйгілі Майк Тайсонмен бірге суретке түсуге мүмкіндік туды. Сол сәтте аудармашы менің екі дүркін әлем чемпионы екенімді айтты. Ал Тайсон болса, құшақтап, қолымды алып, «Олимпиада чемпионы бол» деді. Мен мұны Тайсонның берген батасы ретінде қабылдадым», депті. Мақала «Тайсон Сапиевке бата берді» деген тақырыппен басылған.
***
«Астана күнін мерекелеу қарсаңында бірнеше жыл бұрын үйлі боламын деп үптеліп қалған үлескерлер баспана кілтіне ие болды. Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрсая» тұрғын үй кешенінде болып, проблемалық құрылысқа қатысты мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынып біткен тұрғын үйдің жағдайымен танысты», деп жазады «Астана ақшамы» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Нұрсаядағы» нұрлы күн» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, аталған тұрғын үй кешенінде 487 пәтер бар. Оның 240-ы үлескерлердікі. Сонымен қатар кешеннің бірінші қабатында «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған жалпы көлемі 2563 метрлік балалардың мектепке дейінгі шағын орталығы 600-ден астам бүлдіршінді қабылдауға қабілетті.
***
«Қазақстан өз міндеттемелерін орындамай, ұлттық заңымызға мұрын шүйіре қарайтын, елді құлпыртуды емес, тек өз қалтасын қампайтудың қамын ойлайтын инвесторлармен «ат құйрығын кесісетін» болады. Астанада өткен Минералды ресурстар мен металлургия жөніндегі І қазақстандық халықаралық конгресте Елбасы осындай қатаң мәлімдеме жасады», деп жазады «Айқын» газеті «Нұрсұлтан Назарбаев - «Жыл адамы» деген тақырыппен басылған мақаласында. Жарияланымда Мемлекет басшысының «мен игеру мақсатында кен орындарын ұсынуға мораторий енгіземін. Өйткені уақытында кен орындарымызды қаптатып сатып алды, астарына басты, бірақ ешқайсысы қаражат салу бойынша контрактілік шарттарды орындап жатқан жоқ», деген сөзін келтірген. Осы тақырыпқа орай жарық көрген мақалаларды «Егемен Қазақстан», «Алаш айнасы», «Казахстанская правда», «Литер» басылымдарынан да егжей-тегжейлі оқи аласыздар.
«Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде жарияланған «Парламент саяси сахна шымылдығын жапты» деген мақалада аталған органның жазғы каникулға шыққандығы жайында баяндалған. «Елбасы» атағын заңдастыратын қос заң жобаға вето қоймау арқылы Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен Парламент депутаттарының бірауызды шешіміне құрмет білдірді», деп жазады басылым. Газеттің атап өтуінше, көптен бері үнсіздік сақтаған Мәжіліс басшысы О.Мұхамеджанов кеше осындай түсініктеме берген.
Қос палаталы Парламенттің кешегі бірлескен отырысы жайында жарық көрген мақалаларды оқығыңыз келсе «Егемен Қазақстан», «Алаш айнасы», «Казахстанская правда», «Литер» басылымдарына назар салыңыз.