«Нұрсұлтан Назарбаевқа дипломатия сыйлығы тапсырылды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 15-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Нұрсұлтан Назарбаевқа дипломатия сыйлығы тапсырылды» - республикалық басылымдарға шолу

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысушы бірқатар мемлекеттердің басшыларымен кездесу өткізген. Басылым бұл жайында Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведев және Украина президенті Виктор Януковичпен арада болған үшжақты кездесуге қатысты. Сондай-ақ Франция президенті Николя Саркозимен өзара мүдделі деп танылған қазақ-француз ынтымақтастығының бүкіл бағыттарын кеңейту мәселелерін талқылады», деп жазады «Айқын» газеті. Сонымен қатар Елбасы Жапония премьер-министрі Юкио Хатаямамен, Иордания королі Абдалла І-мен, АҚШ вице-президенті Джозеф Байденмен, Армения президенті Серж Саргсянмен, МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Аманомен, АҚШ президенті Барак Обамамен жүздескен. Мемлекет басшысының АҚШ-тағы ресми сапары хақында кеңінен оқығыңыз келсе «Нұрсұлтан Назарбаевқа дипломатия сыйлығы тапсырылды» деген тақырыппен берілген мақалаға назар аударыңыз.

Елбасының АҚШ-қа сапары «Литер» газетінің назарынан да тыс қалмаған. Басылымның жазуынша, кеше АҚШ-та аяқталған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит Қазақстан үшін өте сәтті өткен. Вашингтондағы алқалы жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қарусыздану үрдісінің дамуына зор еңбек сіңіретін бірқатар бастамаларды ортаға салған.

Сондай-ақ осы тақырыпты кеңінен қаузаған келесі жарияланымды «Казахстанская правда» газетінен де оқи аласыздар.

«Кеше Астана әкімдігінде өткен кеңес кезінде бас қаламыздың басшысы Иманғали Тасмағамбетов өз комадасын еуропалық белді ұйымның бас жиынының нақты қай кезде ұйымдастырылатындығынан «эксклюзивті» түрде құлағдар етті», деп жазады «Айқын» газеті. Күзде Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті өтетіндігін жеткізген әкім «біздің бас қаламыздың еуропалық белді елдер басшылары алдындағы таныстырылымының қалай өтетіндігінен бүкіл мемлекетіміздің айбыны мен айдыны айқындалады», депті.

«Шалқар» қайта шалқыса!». Кеше Парламент қабырғасында тек қазақ тілінде ғана хабар тарататын республикадағы жалғыз раиотолқынның жайы қаузалды. Мәжілістің бір топ депутаты жай ғана дабыл қағып қана қоймай, өз өтініштерін депутаттық сауал түрінде рәсімеп, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевке жолдаған. Бұл турасында «Айқын» газетінің бейсенілік санында егжей-тегжейлі жазылған, назар салыңыз.

***

Қазіргі уақытта қоғамды толғандырып тұрған тақырыптардың арасында Қазақстанның Ресеймен, Беларуспен ағымдағы қаңтардың 1-інен бастап Кеден одағына біріккені алдыңғы қатарда тұр. Осыған орай «Астана ақшамы» газетінің бейсенбілік нөмірінде қалың жұртшылықты толғандырған мәселеге қатысты Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановамен арадағы сұхбат «Кеден одағынан кедергі келмейді» деген тақырыппен берілген. Екеуара әңгіме барысында министр «Қазір әлемде 12 кеден одағы Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында жұмыс істеп жатыр. Егер кейбір азаматтарымыздың айтып жүргеніндей, кеден одақтары тәуелсіздікке, егемендікке нұқсан келтіретін, тіпті қатер төндіретін болса, онда олар мұндай одақтарға неге бірігеді? Мұндай одақтардың негізгі міндеті - одаққа мүше елдер арасындағы еркін саудаға және үшінші елдермен сауда саясатын тең деңгейде жүргізуге қолайлы жағдай жасау», депті.

Кеше Астана әкімі Иманғали Тасамағамбетовтің төрағалығымен өткен жиын барысында қаладағы жол жөндеу ісі, сондай-ақ өзге де бірқатар мәселелер талқыланып, міндеттер айқындалған. Бұл жайында «Астана ақшамы» газетінде «Мердігерлер міндеті межеленді» деген тақырыппен берілген мақаладан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

«Қазақстан Парламенті мен Ресей Думасы депутаттарының бірлескен парламенттік палатасы Жеңістің 65 жылдығына орай ардагерлерге қатысты мәселені талқылады», деп жазады «Нұр Астана» газеті. Басылымның атап өтуінше, Мәскеуде мамырдың 9-ы күні өтетін Жеңіс шеруіне Қазақстаннан 32 ардагер барады. Оларды ертіп баратын 39 адамға да тегін билет берілмек. Ал Астанадағы шеруге еліміздің әр аймағынан 175 ардагер келіп, оларға да тура осындай көмек жасалмақ.

***

«Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санындағы «Дат» айдарында жазушы, қоғам қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Сұлтан Оразалы «Тәуелсіз ел болу үшін шетелден келетін БАҚ өнімдері 20 пайыздан аспау керек» деген өз ұсынысын айтыпты. Сонымен қатар ол «бүгінгі таңда біз компьютер мен телевизиялық техниканы игеруде артта қалып отырғанымыз рас. Бұл ең алдымен білім беру саласындағы жүйесіздіктен. Мен кейде деректі фильмдер түсіріп, монтаждайтын маман іздеймін. Сонда осы жұмыспен тек орыс жігіттері айналысады. Олар ақшаны жақсы табуда. Ең арзаны, бір ауысымда жұмыс істегендері кемі 100-200 доллар алады. Олардың асып тұрған түгі де жоқ, орта білім иелері. Ал біздің жастар неге осыған ұмтылмайды?! Қазір үй шаруасындағы әйелге де компьютер мен интернет қажет болатын заман. Сондықтан мектептегі информатика сабағын жүйелі түрде тереңдей оқытып, мектеп бітірушілерге осы пәннен маман ретінде, арнайы сертификат берілгені жөн. Ол техникумды бітірген орта білімді мамандық ретінде бағалануы керек. Жастарымыз өмірге қажетті мамандықты игеру үшін түрлі техникумдар мен училищелерді көбейту керек. Бұрын орта білім беру бағытындағы білім саласы жеке министрлікке қарайтын. Ал қазір ғылым мен білімді қосып жібердік. Содан бастап ісіміз оңалған жоқ» деп тұшымды ойын айтқан.

«Қақаған қыста баспаналары мұз құрсауында қалған Семейдегі Мирный кенті қазір тіптен үрей құшағында отыр. Өйткені күн жылыған сайын, тоң боп қатқан мұз ақырындап ери бастаған. Бүгінде көліктер мен адам жүретін көшедегі жолдарды шағын көлшіктер басқан. Осының кесірінен тұрғындарға газ таситын көліктің өзі келмей жатыр», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, кәрі құдаң қыста арық суымен арпалысқан ағайынның көбісі сырқатқа шалдыққан. Сондай жандардың бірі жеті баланың анасы Рауза Мергенбаева. Көпбалалы ананың қол-аяғынан суық өткен. Осы және өзге де жайттар кеңінен жазылған мақаланы оқығыңыз келсе басылымның бүгінгі нөміріне назар аударыңыз.

«Астана» велоклубы құрылғалы бері ел велоспорты айналасындағы мәселелер толастаған емес. Тіпті өзектілігі жөнінен велоспорт бүгінде футбол, бокс, ауыр атлетика сынды елімізде кеңінен қанат жайған спорт түрлерінің өзін артта қалдырған секілді. Ал Алматыда журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстан велоспорт федерациясының жаңа бас хатшысы Валентин Рехерт отандық спорт сүйер қауымға ойлана жүретін тағы біраз мәселелердің тиегін ағытты», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Велоспорттағы түйткілді жайттар арқау болған «Велоспорт қазанына бастары сыймаған қайраткерлер» деген мақаланы басылымның «Дода» айдарынан оқуға болады.

***

«Кеше Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына әзірлік және оны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің селекторлық кеңесін өткізді» деп жазады «Казахстанская правда» газеті Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ұйымдастыру комитетінің кеңесіне ҚР Парламентіның Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, Президент Әкімшілігі басшылығының өкілдері, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

«Мәжіліс депутаттары қазақстандық авиакомпаниялардың ұшақтарымен ұшуға қорқады», деп жазады «Время» газеті. Бұл жайында халық қалаулылары палатаның сәрсенбі күні өткен пленарлық отырысына Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновқа мәлім еткен.