«Нұрсұлтан Назарбаевтан асқан сұңғыла саясаткер жоқ» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 20-сы, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санындағы «ДАТ» айдарында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Қазақтілді микробиологтарды, кибернетиктерді, энергетиктерді көптеп дайындамай, ол салалар ешқашан қазақша сөйлемейді», деген өз ойын ортаға салған. Ғалымның пікірінше, қазақ терминологиясының шешімін табуға тиіс мәселелері аз емес. Тілші-терминтанушылар мен сала мамандарының бұл бағыттағы атқаратын жұмыстары әлі жеткілікті. Терминқорымызды қалыптастыруда осы іспен тікелей айналысып жүрген кейбір білікті мамандар болмаса, жалпы жұртшылықтың дұрыс түсіне алмай жүрген немесе дұрыс түсіндірілмей жүрген мәселелері де бар. Олардың ақ-қарасын ажыратып, көпшілік қауымға жүйелі, ұғынықты, дәлелді етіп түсіндіру де - мамандар ісі.
«Жиырмасыншы ғасырдың соңынан бастап, қыз-келіншектеріміз семіздікпен күресе бастады. Себебі біздің күнделікті қолданатын тамағымыз да өзгерді. Уақыттың тығыздығына байланысты жүре жейтін тағамдар көбейді. Мына қарбалас өмірде кейбір жұмысқа, сабаққа асыққан қыз-келіншектер таңсәріден кетіп, түскі ас ішуге уақыты болмай, бәрін жинап кешкісін бірақ ішуді әдетке айналдырды. Дәрігер-диетологтардың айтуына қарағанда, дұрыс тамақтанбау да адамдарды семіздікке апарап соғады. Одан құтылуды көздеген әйел заты түрлі амалдарды жасап жатады», деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Арықтаймын деп ауру тауып алмаңыз» атты мақаласында. Арықтау проблемалары туралы жазылған жарияланымды басылымның 3-ші бетінен оқуға болады.
Қазақтың әлем таныған қайраткер ақын ұлы Олжас Омарұлы Сүлейменов таяуда Еуропадан елге келіп, мамырдың 18-і күні туған күнін алматылық студент жастардың арасында өткізді. Келесі жылы, амандық болса, өзінің 75 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған ақын туған күнін бұл жолы да алаулатпай, жалаулатпай-ақ оқырмандарымен жүздесуді жөн көріпті. Осы орайда сейсенбі күні Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ақынмен кездесу кеші болды. «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөмірінде оқырман назарына О.Сүлейменовтің ой орамдарының кейбір тұстарын ұсынып отыр.
***
«Шекарадағы шектеулер алынып тасталды». «Айқын» газетінің бүгігнгі нөмірінде осы тақырыппен басылған мақалада Қырғыз елімен арадағы бірқатар шектеулердің алынғаны жайында жазылған. Басылымның хабарлауынша, ҚР Президенті мамырдың 20-сынан бастап Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы Қордай, Сыпатай батыр, Айша бибі өткізу бекеттеріндегі уақытша шектеулерді алып тастау жөнінде шешім қабылдаған.
«Мәжілістің бір топ депутаты Үкіметбасы Кәрім Мәсімовке мамырдың 31-ін «Жаппай қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні» деп қайта рәсімдеу жөнінде ұсыныс енгізді», деп жазады «Айқын» газеті. «Ұлтты күнді белгілейтін кез келді» деген тақырыппен жарық көрген мақаланың егжей-тегжейін басылымның бейсенбілік санынан оқи аласыздар.
«Айқын» газетінің жазуынша, Тәжікстанның астанасы Душанбеде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың қатысуымен Ислам Конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 37-ші сессиясы өткен. Осы жайт арқау болған мақала басылымда «Нұрсұлтан Назарбаевтан асқан сұңғыла саясаткер жоқ» деген тақырыппен берілді. Тәжікстан президенті Н.Назарбаевтың ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы бастамасын толық қолдайтынын айтып, «Нұрсұлтан Назарбаевтан асқан сұңғыла саясаткер жоқ. Ол адам ретінде де, сарапшы ретінде де барлық мәселенің мән-жайын біліп тұрады. Н.Назарбаев Қазақстанға, қазақстандықтарға ғана емес, Орта Азияға, посткеңестік елдерге керек тұлға», депті.
***
«Астана ақшамы» газетінің дәстүрлі «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында қала басшысы И.Тасмағамбетов елордалықтардың өздерін толғандырған сауалдарына басылым беті арқылы тұщымды жауап беріпті.
«Мамырдың 20-ынан бастап 051 құтқару қызметінің телефон нөмірі 109 нөміріне ауыстырылады», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Астана қаласындағы жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс апаттардың және дүлей апаттардың алдын алу мен жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарманың хабарлауынша, бұған дейін жедел шақыру және анықтама қызметін алу үшін тұрғындар 112 нөмірін теретін болса, енді оларға 109 қысқартылған нөмірі бойынша тегін қызмет көрсетіледі.