Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды дамудың сара жолына түсіруіне Теміртауда шойын балқытып, болаттай болып шынығуы өз әсерін тигізді - профессор Мейірхан Әділбаев

Оны Елбасымен Теміртауда бірге жұмыс жасаған Қазақтың Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетінің профессоры Мейірхан Әділбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Біз Теміртауда таныстық. Оған дейін Нұрсұлтан Әбішұлы Днепродзержинскіге, мен Нижний Тагильге жолдамамен барып оқып қайтқанбыз. 1962 жылы Қарағанды политехникалық институтына бірге оқуға түстік. Нұрсұлтан домна пешінің, мен прокат стандартының операторы мамандығын таңдадым. Алайда Мәскеу мұндай мамандар тек орталықта дайындалады, сендерге қажетті мамандарды өзіміз жіберіп отырамыз деп бұл 2 мамандықты қысқартып тастады. Сосын біз Теміртаудағы ТУЗ-ға барып, 1-ші курсты бітірген соң мен Алматыдағы политехникалық институттың металлургиялық факультетіне ауыстым», дейді техника ғылымының докторы Мейірхан Қазығұлұлы. Ғалымның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың ең алғашқы шойын алушыларының бірі.
«Ыстық шойын 1,5 сағатта бір рет ағатындықтан оның арнасын дайындау жігіттің жігіті ғана шыдайтын жан төзгісіз аса ауыр және жауапкершілігі зор іс болатын. Егер осындай қиын сыннан өтпегенде, менің ойымша, кейін оның Президент болуы да мүмкін емес еді. Домна пешінде шойын балқытып, болаттай болып шыныққанының арқасында ол Кеңес Одағы күйреген соң экономикасы шатқаяқтап, инфляция шырмауында қалған Қазақстанды қиын-қыстау кезеңнен аман алып шыға алды. Жай ғана алып шықпай, аз ғана жылдың ішінде республиканың барлық саласын аяғынан қаз тұрғызып, дамудың нарықтық жолына салды», дейді Мейірхан Әділбаев.