Нұрсұлтан Жаңабаев WBA Intercontinental белбеуін иеленді
Нұрсұлтанға қарсы шыққан венесуэлалық 25 жастағы Иван Матуте кәсіпқой бокста тәжірибесі мол спортшы саналады. Ол бұған дейін 29 кездесу өткізіп, оның 28-інде жеңіске жетсе, 23-і нокаутпен аяқталған. Бір рет қана жеңілістің ащы дәмін татқан.
Алматы төрінде өтіп жатқан шаршы алаңдағы кездесу барынша тартысты өтті. Алғашқы раундтан-ақ боксшылар бір-бірінен тайсалмай, ашық ұрысқа кірісіп кетті. Дегенмен, Нұрсұлтанның соққылары венесуэлалыққа қарағанда діттеген жеріне дөп тиіп жатты. Екінші раунд та қарқынды басталды. Қазақстандық боксшы асқан жылдамдықпен соққылар жұмсап, Иванды бұрыштан-бұрышқа тықсыра жүріп, ауыр соққылардың астында алды. Тіпті, соңғы сәттерде соғылған гонг венесуэлалықты естен танып құлаудан әзер аман алып қалғандай көрінген еді. Шынымен де, екінші раундтан кейін венесуэлалық жекпе-жекті одан ары жалғастырудан бас тартты. Осылайша Нұрсұлтан Жаңабаев WBA Intercontinental белбеуін жеңіп алды.
Айта кетейік, осы жылдың басында бірінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы Нұрсұлтан Жаңабаев (6-0, 4 КО) Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) рейтингінің жаңартылған нұсқасына енді. WBC рейтингіндегі өз дивизионында қазақстандық 39-позицияға орналасты. Боксшымыздың ұйым рейтингіне кіруіне желтоқсанда филиппиндік боксшы, атақты отандасы Мэнни Пакьяоның спарринг-әріптесі Арнел Тинампайдан (25-23-1, 11 КО) басым түсуі себеп болды. Онда Жаңабаев он раундтың қорытындысы бойынша қарсыласын жеңіп, WBA Asia чемпионы титулын еншілеген еді. Нұрсұлтан Жаңабаев 2016 жылдың қазан айында профи-рингке алғаш рет шықты. Содан бері алты рет айқасып, оның төртеуін нокаутпен аяқтады.