Нұртас Адамбай «Тараз» фильмін YouTube-қа жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұртас Адамбайдың «Тараз» кинодрамасы YouTube сайтында жарияланды.
«Бұған дейін уәде еткеніміздей, біз фильмді тегін көру мүмкіндігін жасау үшін YouTube-қа жарияладық. Көріңіздер!», - деп хабарлады Facebook-тегі парақшасында продюсер, режиссёр және актер Нұртас Адамбай.
Еске сала кетейік, фильмнің тұсаукесері 2016 жылдың 13 қазаны күні Қазақстанның барлық кинотеатрларында жасалды. Кино-драмада Нұртас Адамбайдан басқа Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Гүлназ Жоланова, Төлепберген Байсақалов, Жандос Айбасов, Кәмшат Жолдыбаева, Нұржан Садыбеков, Марат Абдуллаев, Ашим Ахметовтер ойнады.
2016 жылы қыркүйекте «Тараз» драмасы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен Genre Celebration Film Festival кинофестивалінде екі аталым бойынша жеңіске жетті: «Үздік драмалық фильм» және «Үздік операторлық жұмыс».
Кинокартина, сондай-ақ, San Francisco International New Concept Film Festival (АҚШ), Hamilton Film Festival and Canadian Film Market (Канада), Gallup Film Festival (АҚШ), Princeton Independent Film Festival (АҚШ), Festival Internacional de Cine de Autor (Мексика) сынды халықаралық фестивальдерге қатысты.