Нұртай Сабильянов үржарлықтармен кездесті

 ҮРЖАР. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов Үржар ауданының тұрғындарымен кездесті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Нұртай Сабильянов үржарлықтармен кездесті

Ол Үржар, Мақаншы, Бақты ауылдық округтерінде болып, Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын түсіндіріп, Мәжілістің заң шығару қызметі жөнінде жан-жақты баяндады.

«Мәжіліс депутаттарының тұрғын үймен, жатақханамен, ипотека қолжетімділігімен қамтамасыз ету мәселелерін ұдайы түрде үнемі көтеріп келеді. Сондықтан да біз Елбасының бес әлеуметтік бастамасын зор ризашылықпен қабылдап, оны белсенді түрде жүзеге асыруға әрдайым дайынбыз. Жаңадан жатақханалардың салынуы және қолжетімді ипотека мыңдаған қазақстандықтың тұрғын-үй мәселесін түбегейлі шешеді деп есептеймін», - деп атап өтті Нұртай Салихұлы.

Бұл елдегі құрылыс саласының, құрылыс материалдарын шығару өндірісінің дамуына айтулы үлес қосып, зор мүмкіндік береді.
null 

Мәжіліс депутаты тағы бір бастаманың маңыздылығын атап көрсетті. Ол - бизнесті несиелендіруді дамыту. Аймақтарда шағын кәсіпкерлік пен бизнесті дамыту тек халықты жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың әлеуметтік, рухани, экономикалық іргелі мәселелерін шешуге ықпалын тигізеді.

«Шағын несиені арттыру кәсіпкерліктің дамуына ықпал етпек», - дейді халық қалаулысы.

  Кездесу барысында мақаншылықтар шекаралық аймақтардың ерекше назарға алынуы бойынша ұсыныс-тілектерін айтты.

  Нұртай Сабильянов өз сөзінде шекаралық аудандарға басымдық беріп отырғандығын айтты.

  Жиында аудан әкімі Серік Зайнулдин Мәжіліс депутатына Үржар ауданына қолдау көрсетіп жүргеніне алғыс білдірді.

Айта кетейік, ертеңгі кездесу Үржар ауданына қарасты Қызыл Ту, Елтай, Салқынбел ауылдарында жалғасын таппақ.

null