Нұртай Сабильянов жол сапасына теріс әсер еткен негізгі себептерді атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов жолдарда жүктері шамадан тыс тиелген көліктерді қадағалауға алуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тендер өткізу рәсімінің ашық еместігі, мердігерлердің адал болмауы, делдалдар - қосалқы мердігерлердің көптігі, сапасыз құрылыс материалдарының қолданылуы автомобиль жолдарының сапасыз салынуына себеп болып отыр. Мысалы, 2016 жылы «Боғас - Қарағанды» республикалық маңызы бар жолының «Тарбағатай - Аягөз» учаскесіне орташа жөндеу жүргізу кезінде бірнеше мердігер тартылған, олардың әрқайсысы асфальтты әртүрлі тәсілмен төсеген. Нәтижесінде, жол сапасыз салынған және қазірдің өзінде бұзылып жатыр. Сонда жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бес қадамдық бақылау жүйесінің нәтижесі қайда? Мердігерлердің пайда болған ақауларды жоюға берген кепілдіктері қайда?», - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, аталған мәселелер қазір Парламентте қарастырылып жатқан тиісті заң жобасын қабылдағаннан кейін, «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу туралы заңнаманы толық көлемде сақтаған жағдайда шешілуі мүмкін.
Бұдан бөлек ол жүкті шамадан тыс тиеп жүрген көліктер мәселесіне тоқталды.
«2017 жылы көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлеріндегі құқық бұзушылықтарды тіркеуге арналған, ААӨҚ (САИС) деп аталатын арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарының 18 бірлігін іске қосу белгіленгенімен, іс жүзінде 3 бірлігі енгізілді. Бұдан басқа, 2013 жылы пайдалануға берілген 12 өлшеу құралы (ААӨҚ) негізгі халықаралық автомобиль дәліздерінде әлі күнге дейін пайдаланылмай отыр. Мұндай өлшеу жүйелерінің болмауы жүк автокөлігіне оське жүктемені арттыруға мүмкін береді. Мәселен, 2015-2017 жылдар кезеңінде жүк тиейтін автокөлік құралдарының салмақтық және көлемдік параметрлерінен асып кеткені үшін 23 145 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Бұл салынған автожолдардың жекелеген учаскелерінің мерзімінен бұрын бұзылуына әкеп соғады және қозғалыстың қауіпсіздігіне кері әсер етеді. Бұған жол беруге болмайды», - деді Н. Сабильянов.