Нұртөре Жүсіп елімізде ілеспе аудармашыларды даярлау жөнінде ұсыныс айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Нұртөре Жүсіп еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында ілеспе аударма мамандарының жетіспейтіні туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұртөре Жүсіп елімізде ілеспе аудармашыларды даярлау жөнінде ұсыныс айтты

Ілеспе аудармашылар келіссөздердің нәтижесіне аса маңызды рөл атқарады. Сенатор оларды дайындау сапасы мәселесі бүгінгі таңда өзекті болып отырғанын жеткізді. Депутаттың айтуынша, 2016-2018 жылдар аралығында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ілеспе аудармашыларды даярлау курстарын өткізген болатын. Бірақ бұл шаралар жұмыс жоспарынан шығарылған.

«Шет тілдерден мемлекеттік тілге тікелей аударатын мамандар да аз. Елімізде тікелей ілеспе аудармашыларды дайындайтын оқу орны жоқ. Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ілеспе аударма маманы ағылшын-орыс, орыс-ағылшын тілі бағытында дайындалады», - деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор ҚР Парламентінде де мұндай аударма жұмысын заңдарды редакциялаумен айналысатын бөлімнің мамандары қамтамасыз ететінін айтты. Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтудегі ілеспе аудармашылардың маңызын ескере отырып, сенатор сала мамандарын даярлау жөнінде бірқатар шаралар ұсынды.

«Ілеспе аудармашылардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру, мемлекеттік органдардың орталық аппараттарындағы заң тілін жетік меңгерген, ілеспе аударманы жүзеге асыруға бейімі бар мамандар үшін курстар ұйымдастыру, оларды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Парламент Палаталарының кадр жұмысы бөлімдері арқылы резервке қою маңызды. Мемлекеттік органдардың орталық аппараттарында қызмет істейтін, ілеспе аударма жасауға және заң шығару ісінің аударма жұмысына бейімі бар аудармашы мамандардың Парламент палаталарының аппараттарында тағылымдамадан өту мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын. Бұл әрі тәжірибе алмасуға әрі мамандардың біліктілігін арттыруға, түптеп келгенде, осындай мамандар резервін қалыптастыруға жағдай жасайды», - деді Нұртөре Жүсіп.