Нұртөре Жүсіп: Кітапхана ісіне қолдау көрсетуі — келешек үшін жасалған үлкен игілік
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисті, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Президенттің бүгінгі Жолдауына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сенатордың айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында мәдениет саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Ол туралы өзінің Facebook парақшасында жазды.
«Мәдениет, оның ішінде Кітапхана мамандарының жалақысын 2022-2025 жылдары аралығында әр жылы 20%-ға көтеру туралы нақты ұсыныстар жасады.
Қазаққа саналы да сапалы ұрпақ керек! Осы орайда Мемлекет басшының кітапхана ісіне айрықша мән беріп, қолдау көрсетуі келешек үшін жасалған үлкен игілік!
Кітапханашылар мәртебесін көтеру - білімді ұрпаққа жол ашу! Біздің бірнеше мәрте осы мәселе туралы жолдаған депутаттық сауалымыз аяқсыз қалмады. Президенттің өз Жолдауында тікелей қолдау білдіруін жақсы жаңалыққа балап отырған жайымыз бар!» - деп жазды ол.
Естеріңізге салсақ, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің екі палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Жолдауда Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдағы жылға арналған басым мақсаттарын жария етті.
Автор: Думан Арғынгелді