Нұрымбетов: Жұмыссыздық деңгейінің артуына жол бермеуге тырысудамыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жұмыспен қамтудың аймақтық кешенді жоспарларымен 313 мыңнан астам адам қамтылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру мен халықты жұмыспен қамту» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Нұрымбетов: Жұмыссыздық деңгейінің артуына жол бермеуге тырысудамыз

Оның сөзіне қарағанда, биылғы 8 айда «ЖЖК-2020» бағдарламасын іске асыру аясында 111,9 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқанын мәлімдеді. Оның ішінде жұмыссыздар 74,4 мың адам (66,5 %), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 36,2 мың адам (32,4 %) және 1 258 адам (1,2%) ішінара жалдамалы жұмысшылар болып табылады. Сонымен қатар, 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 47,4 пайыз болса, әйелдер 45,1 пайызды құрайды.

«2016 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жұмыспен қамтудың аймақтық кешенді жоспарларымен 313 мыңнан астам адам қамтылып, оның 279,8 мың адамы жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 139,1 мың адам, уақытша жұмыс орындарына 140,7 мың адам тұрды»,-деді Б. Нұрымбетов.

Оның айтуынша, әлемдік экономикада орын алған жағдайға байланысты және қызметкерлерді жұмыстан босату қаупіне қарамастан, мемлекет қабылдап отырған шаралар Қазақстанда жұмыссыздық көрсеткішін 5%-дық деңгейде ұстап отыруға мүмкіндік беруде.

Бұдан бөлек ол ҚР ДСӘДМ Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын халық арасында насихаттау бойынша белсенді іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Оның қатарында бірнеше ауқымды шаралар бар.

Министрлік мәліметінше, жастар арасында еліміздің экономикалық сұраныстарына сай жұмысшы кәсіптер мен кәсіптік білім берудің беделі мен танымалдылығын арттыру мақсатында ағымдағы жылғы сәуір айынан бастап қыркүйек айына дейін жұмысшы мамандықтардың «Worldskills Kazakhstan» ұлттық және өңірлік чемпионаттары өткізілді.

Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 700-ден астам қатысушылар мейрамханалық сервис, кондитер ісі, шаштараз ісі, желілік және жүйелік әкімшілендіру, веб-дизайн, мехатроника, құрғақ құрылыс және сылақшылар жұмысы, кірпіш қалау, дәнекерлеу жұмыстары, безендендіру жұмыстары, мектепке дейінгі тәрбие, киім дизайні, электр монтаждық жұмыс салалары бойынша үздік атану үшін байқауға қатысады.

Атап айтқанда, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын халық арасында насихаттау және Еңбек адамының беделін арттыру мақсатында 2014 жылдан бастап «Еңбек күні» мерекесін атап өту - маңызды шаралардың бірі болып табылады. Еліміздің барлық аймақтарында Қазақстан экономикасын дамытуға және нығайтуға өз үлесін қосқан еңбек ардагерлеріне, еңбек әулеттерінің өкілдері мен кәсіби мамандарға құрмет көрсетіліп, Еңбек күніне арналған форумдар өтуде.