Нұржан Нұржігітов фермерлерді су үнемдеуге ынталандыру жолдарын атады

АСТАНА. KAZINORM – Бүгін Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов фермелерді су үнемдеуге ынталандыру жолдарын атады.

вода
Фото: pixabay.com

«Қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалану «ресурстарды басқарудан» «сұранысты басқаруға» көшуге мүмкіндік береді. Оның негізгі қағидаты - су қабылдау көлемін ұлғайтпай экономика салаларының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін пайдалану. Трансшекаралық өзендер арқылы ағынның азаю қаупін, сондай-ақ суару каналдарында үлкен шығындардың болуын ескере отырып, фермерлердің су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша бірлескен және кешенді жұмыстар жүргізу қажет», - деді Нұржан Нұржігітов.

Мәселен, министрдің дерегінше, бүгінгі таңда суармалы жерлердің 1,9 млн гектарының тек 16 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы қолданылады. Бұл қазіргі жағдайда өте қолайсыз.


«Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығыстарды субсидиялау үлесін 50-ден 80 пайызға дейін ұлғайту бойынша жұмыстар басталды. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын қолдану 2030 жылға қарай суармалы жерлердің алаңдарын 1,3 млн гектарға дейін жеткізуге ықпал етеді. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша бұл шара шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, климаттың өзгеруіне байланысты суды тұтынудың үлестік нормаларының ұлғаюының теріс үрдісі байқалады. Бұл дақылдардың су тұтыну нормативтерінің ұлғаюына әсер етеді.


«Тұжырымдама жобасында қолда бар су ресурстарының көлемін экологиялық және экономикалық оңтайлы деңгейде ұстап тұру мақсатында су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ең үздік технологиялардың тізбесін, су пайдалану лимиттерін белгілеудің жаңа тетіктерін, айналымды және қайта сумен жабдықтауға көшу жоспарларын әзірлеу және қабылдау бойынша шаралар көзделетін болады», - деді Нұржан Нұржігітов.