Нығматулин бюджетті бақылауда Елбасының нұсқауларын орындау жайын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі жалпы отырыста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бюджеттің игерілу мәселесінде Мемлекет басшысы жүктеген талаптарға айрықша назар аударға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осыған орай Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің бюджет заңнамасын жетілдіруге қатысты бірінші оқылымда ұсынған түзетулер кезінде Мәжіліс депутаттары бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына қатысты сұрақтарды назардан тыс қалдырмады.
«Бюджет қаржыларының тиімсіз игерілуіне қатысты нақты өлшем болу керек. Әйтпесе, сіздер Бюджет кодексінде түсінік ретінде ұсынып отырған «нәтижелілік», «жауапкершілік», «перспективті» сияқты жалпылама сөздер ауқымды мемлекет қаржысын бөлу кезінде нақты дәлел бола алмайды. Өйткені олардың ешқайсының тәжірибелік, қолданбалық сипаты жоқ. Ал, субьективті бағалаудың соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Егер қаржы бір мемлекеттік органнан басқа органға қайта бөлінетін болса, не үшін олай болғанына, не себептен тиімсіз орындалғанына және соңғы нәтижесіне жауап беруіміз керек. Осыдан кейін ғана жеке жауапкершілікке қадам жасай аламыз, - деді Нұрлан Нығматулин Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке қарата сөйлеген сөзінде.
Одан әрі Н. Нығматулин екінші оқылымға дейін «тиімсіз орындау» түсінігінің қаржыгерлерге де, қарапайым азаматқа да түсінікті нақты анықтамасын тұжырымдау қажеттігін айтты.
Талқылау кезінде квазимемлекеттік сектор қаражаттар көлемінің Ұлттық экономика министрлігі деңгейінде ғана келісілетіндігі сынға алынды.
Спикердің айтуынша, Президент бірнеше мәрте Үкіметке бақылауға алуға тапсырған мемлекеттік займ мәселелері тағы да министрлік деңгейіне түсіп отыр. Министрлік ұсынып отырған редакция Елбасының бюджетті бақылау жөніндегі нұсқауларымен сәйкес келмейді. Сондықтан бұл норманы Президент тапсырмасын есепке ала отырып, қайтадан тиянақтау қажет.