Нығматулин депутаттарды ертеңгі маңызды шаралардан қалмауға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин палата депутаттарын Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шараларға белсенді түрде қатысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті әріптестер, баршаларыңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Астанадағы мерекелік шараларға тоқталатын болсақ, ертең сағат 11:00-де Тәуелсіздік сарайында салтанатты жиын өтеді. Ал сағат 16:00-де ел басшылығының қатысуымен «Астана Операда» мерейтойлық датаға орай театрландырылған концерт болады. Сонымен қатар 16 желтоқсанда сағат 11:00-де ЭКСПО аумағында «Ұлы Дала Елі» монументі ашылады»,-деп тоқталды Мәжіліс төрағасы.
Осы ретте Н. Нығматулин бұл шараларға депутаттар шақырылып отырғандығын жеткізді.
«Бұл маңызды шараларға белсенді түрде қатысыңыздар деген тілек бар», - деді ол жалпы отырыста депутаттарға қаратып айтқан сөзінде.