Нығматулин Үкімет мүшелерінен қойылған сауалға нақты жауап беруді талап етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Үкімет мүшелерінен нақты сауалға нақты жауап беруді талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетерлігі, депутаттардың банк секторын сауықтыру үшін Ұлттық қордан қаржы бөлу мәселесіне қатысты сауалына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Проблемалы кредиттер қорына қатысты мәселеге Үкімет мүшелері жауап беруі керектігін айтқан болатын.
Осы ретте Мәжіліс спикері аталған сұраққа Үкімет мүшелерінің бірі жауап берместен бұрын ескерту жасап өтті.
«Сұлтановқа (Қаржы министрі) сөз берместен бұрын сауал қойылатын Үкімет мүшелеріне өтінішім бар. Бізде тізім өте үлкен. Жауап Қаржы министрінің баяндамасынан 1,5 минутқа аз болды. Жалпы шолу сөз сөйлеулерді басқа кеңестерге қалдырыңыздар. Бұл жерде нақты сауал қойылды. Ендіге кредиттік ресурстар қорына бастау қажет. Тікелей қойылған сауалға тіке жауап беріңіз. Бұл бүгін жауап беретіндердің барлығына да қатысты. Барлығының да уақыты шектеулі. Біз бос әңгіме айту үшін жиналып отырғанымыз жоқ», - деді Нығматулин.