NYT: АҚШ пен Иран мәміленің негізгі шарттары бойынша келісімге келді
АСТАНА. KAZINFORM – Вашингтон мен Тегеран Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта ашуды көздейтін мәміле бойынша ортақ келісімге келді. Бұл туралы дереккөздерге сілтеме жасаған The New York Times хабарлады.
Алайда басылымның жазуынша, бұғаз арқылы теңіз қатынасы нақты қашан қайта жанданатыны және мұнай бағасының қашан төмендейтіні әзірге белгісіз.
Сонымен қатар келісім жасалған жағдайда Иран су жолын қандай форматта бақылауда ұстайтыны да нақтыланбаған, деп жазады NYT.
Бұған дейін Fox News арнасы да Иранның негіздемелік келісімге принциптік түрде келіскенін және тараптардың құжаттың 95 пайызын дайындап қойғанын хабарлаған-ды.
Арна мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп келісім бойынша жұмысты толық аяқтау үшін тағы бес-жеті күн уақыт беруі мүмкін.
АҚШ президенті бұған дейін Иранмен жасалатын келісімдердің әлі толық келісілмегенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ ол өкілдеріне Тегеранмен мәміле жасауға асықпау жөнінде тапсырма бергенін айтты.
Еске сала кетсек, 19 мамыр күні Трамп Иранға жоспарланған шабуылды тоқтатты.
Сондай-ақ Трамп Ирандағы жағдайға байланысты ұлының үйлену тойына қатыспауы мүмкін екенін жаздық.