Нью-Йоркте бір ғасырлық тарихы бар парад алғаш рет дауылға байланысты кейінгі қалдырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Алғыс айту күнгі АҚШ-тың Шығыс жағалауы мен Орта Батысына келген дауыл салдарынан электр желілері үзіліп, көлік қозғалысы шектелді. Соған байланысты Нью-Йорктегі Алғыс айту күніне арналған тарихи Macy’s парады кейінге қалдырылып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі CBS News арнасына сілтеме жасап.

Нью-Йоркте бір ғасырлық тарихы бар парад алғаш рет дауылға байланысты кейінгі қалдырылды
Фото: Little Kid Big City

Электр қуатының үзілуін бақылап отыратын PowerOutage.us сайтының мәліметтері бойынша, бейсенбі күні кешке Орта Батыс пен Солтүстік-шығыста 900 мың адам жарықсыз қалған. 

Ал FlightAware ұшақтарды бақылау қызметі АҚШ-та 2000-нан астам рейс кейінге қалдырылыр, ал 420-дан астамы тоқтатылғанын хабарлады. Шығыс жағалауға дауыл нөсер мен су тасқынын да ала келді. Нью-Джерсиде төтенше жағдай жарияланды. Метеорология қызметі солтүстік Джорджиядан бастап Орта Атлантика аймағының көп бөлігінде және Жаңа Англияның оңтүстігіне дейінгі аймақтарда, соның ішінде Коннектикут, Мэн, Массачусетс, Нью-Гэмпшир, Род-Айленд және Вермонтта да дауыл тұратынын ескертті.

Нью-Йорк қаласының төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі қалада Алғыс айту күні 38-50 мм жауын жауғанын, кей жерлерде жауын-шашын мөлшері 76 мм-ге дейін жеткенін хабарлады. Қаланың жағалаудағы аудандарында, соның ішінде Статен-Айленд пен Лонг-Айлендтің кейбір бөліктерінде су тасқыны болды.

Агенттіктің мәліметі бойынша, Нью-Йорк қаласының Орталық саябағында желдің екпіні сағатына 48 км-ден асқан, Ла-Гуардия әуежайында тіпті 90 км/сағатқа дейін жеткен. Бөлшек сауда желісі Macy’s Манхэттеннің зәулім ғимараттары арасындағы әуе шарларын жел ұшырып кете ме деп алаңдап, Алғыс айту күніне орай жыл сайын өтетін парадты 28 қарашаға ауыстырды.

Алғаш рет 1924 жылы Нью-Йоркте өткен Macy’s парады тарихы бір ғасырдан асады. Осы уақыт ішінде парад тек бірнеше рет қана, атап айтқанда 1942-1944 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты тоқтатылған.

Еске салайық, бұған дейін кеше, 2026 жылғы 26 қарашада Бразилияның оңтүстігінде болған жойқын дауыл салдарынан кемінде бес адам қаза тауып, 265 адам жараланғаны хабарланған еді.