Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы ашылды: қандай мәселелер талқыланады

АСТАНА. KAZINFORM – Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы жұмысын бастайды. Сессия аясында халықаралық қақтығыстар, ұйымды реформалау және БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысын сайлау мәселелері қаралады, деп хабарлайды Kazinform ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. 

ООН
Фото: ТАСС

Оның жұмысы 2027 жылғы 7 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал алғашқы айдың басты оқиғасы дәстүр бойынша мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ сыртқы істер министрлері қатысатын жоғары деңгейдегі жалпы саяси пікірталастар болмақ.

Сессия халықаралық қақтығыстар ушығып, БҰҰ қаржылық қиындықтарға тап болған тұста және ұйымды реформалау мәселесі талқыланып жатқан кезеңде өтеді. Алдағы жылдың басты ерекшеліктерінің бірі – ұйымның жаңа бас хатшысын сайлау. БҰҰ-ны 2017 жылдан бері басқарып келе жатқан Антониу Гутерриштің өкілеттігі 2026 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.
Жалпы саяси пікірталастар 22-26 қыркүйек және 28 қыркүйек күндері өтеді.

Төраға ауысады

Жаңа сессия ашылмастан бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясының қорытынды отырысы өтеді. Жиын жергілікті уақытпен сағат 11:00-де (Астана уақытымен 20:00-де) басталады. 80-ші сессияға төрағалық еткен Германияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Анналена Баербок бір жыл бойы атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарады.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясының алғашқы пленарлық отырысы сағат 15:00-де (Астана уақытымен 9 қыркүйекте 00:00-де) өтеді. Бұл сессияға Бангладештің Сыртқы істер министрі Халилур Рахман төрағалық етеді. Ол 2 маусымда өткен жасырын дауыс беру нәтижесінде сайланған. Бангладеш өкілі 99 дауыс жинаса, оның қарсыласы, Кипр Республикасының өкілі Андреас Какурис 91 дауыс алды.

Рахман бұған дейін ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші және рохинджа мәселесі бойынша арнайы өкіл болған. 2026 жылғы ақпаннан бері Бангладештің Сыртқы істер министрлігін басқарып келеді. Ол мансабының басым бөлігін БҰҰ жүйесінде өткізіп, Нью-Йорк пен Женевада қызмет атқарған. Оның төрағалығы «Сенімді қалпына келтіру, өзгерістерді басқару: баршаға қызмет ететін БҰҰ» ұранымен өтеді. Рахман көпжақты институттарға деген сенімді күшейтіп, БҰҰ-ның тиімділігін арттыруды және ұйым жұмысын жаңа жаһандық сын-қатерлерге бейімдеуді көздейді.

Жаңа сессияның алғашқы отырысы негізінен ұйымдастыру мәселелеріне арналады. Ашылу рәсімінен кейін дәстүр бойынша дұға ету және ой толғауға бір минут үнсіздік жарияланады.

Сондай-ақ өкілеттіктерді тексеру жөніндегі комитет мүшелері тағайындалып, күн тәртібін бекіту және оның тармақтарын бөлу жұмысы басталады.

Жеребе нәтижесінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясында залдағы алғашқы орынды Марокко делегациясы иеленді. Қалған мемлекеттердің делегациялары ағылшын әліпбиінің ретімен орналастырылады.

Жоғары деңгейдегі апта: маңызды кездесулер мен талқылаулар

Қыркүйек айындағы басты саяси оқиға – жоғары деңгейдегі жалпы саяси пікірталастар. Дәстүр бойынша осы кезеңде Нью-Йоркте ондаған мемлекет және үкімет басшысы, сондай-ақ сыртқы істер министрлері бас қосады.

Бас Ассамблея сессиясының аясында жоғары деңгейдегі бірқатар іс-шара өтеді. 23 қыркүйекте Даму құқығы туралы декларацияның 40 жылдығына арналған кездесу ұйымдастырылады. Сонымен қатар климаттың өзгеруі мен энергетикалық ауысу мәселелерін әділ шешуге арналған отырыс өтеді. Ал теңіз деңгейінің көтерілуінен туындайтын қатер мен оның салдары 24 қыркүйекте арнайы отырыста қаралады.

25 қыркүйекте сессия қатысушылары пандемияның алдын алу, оған дайындық және төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл шараларын талқылайды. 28 қыркүйекте Дурбан декларациясы мен Іс-қимыл бағдарламасының қабылданғанына 25 жыл толуына орай арнайы іс-шара өтеді. Ал 29 қыркүйекте Ядролық қаруды толық жою жөніндегі халықаралық күнге арналған арнайы отырыс өтеді.

БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысы сайланады

Жаңа сессияның күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысын сайлау. Антониу Гутерриштің өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты Бас Ассамблеяның жаңа төрағасы бұл үдерісті үйлестіру міндетін атқарады.

Сессия ашылған тұста Бас хатшылыққа бірқатар кандидат ресми түрде ұсынылды. Олардың қатарында Чилидің бұрынғы президенті әрі БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі бұрынғы Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси, БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының Бас хатшысы Ребека Гринспан, Сенегалдың бұрынғы президенті Маки Саль және Бас Ассамблеяның бұрынғы төрағасы Мария Фернанда Эспиноса бар.

БҰҰ-ның болашақ Бас хатшысының кандидатурасын алдымен Қауіпсіздік Кеңесі ұсынады, содан кейін оны Бас Ассамблея бекітеді. Осы үдеріс басталатын қыркүйек айында Қауіпсіздік Кеңесіне Франция төрағалық етеді.

Реформа және жаңа кезең: БҰҰ-ны не күтіп тұр

БҰҰ реформасын UN80 бастамасы аясында одан әрі жалғастыру да маңызды мәселелердің қатарында. Ұйым күрделі қаржылық қиындықтарға тап болған тұста қолға алынған бастама бюрократиялық рәсімдерді қысқартуды, мандаттарды қайта қарауды және жекелеген бөлімшелердің құрылымын өзгертуді қарастырады.

2026 жылы БҰҰ басшылығы ұйымның қаржылық жағдайына бірнеше рет алаңдаушылық білдірді. Антониу Гутерриш мемлекеттердің міндетті жарналарды кешіктіруі мен төлемеуі ұйымның қаржылық қиындықтарын ушықтырып отырғанын мәлімдеді. Осыған байланысты шығындарды қысқарту және штаттағы бірқатар қызмет орнын азайту көзделіп отыр.

БҰҰ-ны реформалау жұмысы Бас Ассамблеяның жаңа төрағасы кезінде де жалғасып, жаңа Бас хатшыны сайлау үдерісімен қатар жүреді. Осы тұрғыдан алғанда, 81-ші сессия ұйым үшін бетбұрыс кезеңіне айналуы мүмкін. Сессия барысында қатысушылар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, БҰҰ-ның алдағы кезеңдегі басшылығы мен құрылымын айқындайтын маңызды шешімдер қабылдайды.

Бұған дейін БҰҰ 2027–2036 жылдарды Халықаралық мәдениет онжылдығы деп жариялаған болатын.