Нью-Йоркте қазақстандық белгілі суретші-дизайнер Ая Шалқардың көрмесі ашылды
АСТАНА. KAZINFORM - Нью-Йорктегі Sapar Contemporary галереясында «Beneath the Earth and Above the Clouds» атты көрме ашылды. Бұл көрмеде қазақстандық жас талант Ая Шалқар мен қырғыз елінің танымал суретшісі Алтынай Осмоның бірегей туындылары қойылған.

Ая Шалқар бұған дейін Австрия астанасы Венада және АҚШ-та екі рет жеке көрмесін өткізген.
Ал көршілес екі ел суретшілерінің бірлескен көрмесі Нью-Йоркте алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
- Алтынай екеуіміздің шығармашылығымызда ұқсастық бар, идеяларымыз тоғысады. Екеуіміздің де туындыларымыз Орта Азияның тарихына, мәдени мұрасына, жауынгер әйелдер тақырыбына негізделген, - дейді Ая Шалқар.
Өзіндік қолтаңбасы мен тың идеяларымен ерекшеленетін қос суретшінің арт-туындылары мүсін өнері, фотомонтаж, дәстүрлі қолөнер және «мифтік археология» элементтерін шебер біріктіреді.
Қазақстандық суретшінің бұл көрмеге ұсынған MERGEN жобасы — әйел-кентаврдың жерлеу орны ретінде ұсынылған мифтік, болжамды археологиялық инсталляция. Туынды Тарбағатай етегінен табылып, біздің заманымыздың VI ғасырына тиесілі-мыс деген идеяға негізделген.
Көрмеге келген Нью-Йорк тұрғыны Кэти Krimer өз әсерімен былай бөлісті:
- Менің ойымша, мұндағы адамдардың көпшілігі Қазақстан туралы, қазақ мәдениеті туралы аса көп білмейді немесе мүлде ойланып көрмеген де шығар. Олар, бәлкім, қазақ суретшісінің өнерінен не күту керектігін де елестете алмайтын болар. Сондықтан Нью-Йоркке келіп, өз бойындағы күш-қуатын, жүрегін, қиялын бірге ала келген осындай өр, айқын көзқарасты қазақ қызын көру, - үлкен оқиға.
Оның әрбір туындысы өзінің мәдениеті мен түп-тамырына терең байланысты. Бұл — расында да ерекше нәрсе.
Және меніңше, Нью-Йорк ол туралы әлі талай еститін болады.
Бұл көрме — Орталық Азияның заманауи өнерін халықаралық деңгейде танытуда маңызды қадам. Көрме 3 сәуірден 15 мамырға дейін ашық.
Осыған дейін қарағандылық суретші Кәріпбек Күйіковтің картиналары Нью-Йорк көрермендерін тәнті еткені туралы жаздық.