Ньюфаундленд маңынан суға батқан көне кеме табылды

Ньюфаундленд жағалауы
Фото: euronews.com

АСТАНА. KAZINFORM – Ньюфаундленд жағалауы маңынан суға батқан көне кеме табылды, деп хабарлайды Еuronews.

Ньюфаундленд жағалауынан белгісіз кеменің аударылған корпусын Кейп-Рэй кентінің 21 жастағы тұрғыны Гордон Блэкмор тапқан. Ол теңіз құстарын аулап жүргенінде судан көлеңке көріп қалған. Бір күн бұрын бұл көлеңкені көрмеген еді.

Содан бері кеме табылған жерге қисық тақтайлары мен оларды жалғап тұрған ағаш шегелерді зерттегісі келетін адамдар көптеп келіп жүр.

Жағажайлар жылдар ішінде айтарлықтай эрозияға ұшырады. Бұл аймақта 2022 жылдың 24 қыркүйегінде «Фиона» пост-тропикалық дауылы өтіп, 100-ге жуық үйді, жағалық сызықты қиратып, Кейп-Рэй жағажайы бойында құмды көтеріп жіберді.

Өткен аптада ол жерде толқындар үлкен болғаны соншалық, олар апатқа ұшыраған кеменің көрініп қалуына себеп болуы әбден мүмкін.

Мамандардың айтуынша, кеме 1800-ші жылдары салынған. Сол дәуірдегі кемелерде шеге ретінде ағаш дюбель қолданылған. Кеменің сынықтарында ені екі сантиметрден асатын мыс қазықшалар бар. Олар корпустың тақтайларын бір-біріне бекіту үшін пайдаланылды.

Кеме корпусының бір бөлігінің ұзындығы шамамен 24 метр, бұл кеменің одан да ұзындау болғанын білдіріп тұр.

Кейп-Рей тұрғындары бұл жерге мамандар келіп, кеме тарихын анықтай алатынына үміттенеді.

Соңғы жаңалықтар