О. Өксікбаев Йоханнесбургте өтетін қаржылық бақылау органдары ұйымының конгресіне қатысады
АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев 22-27 қарашада Йоханнесбург қаласында (Оңтүстік Африка Республикасы) өтетін Халықаралық жоғары қаржылық бақылау органдары ұйымының (ИНТОСАИ) ХХ конгресінің жұмысына қатысады.
Бұл туралы ҚазАқпарат Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
ИНТОСАИ-дың ХХ конгресінде Қытай Халық Республикасы Ұлттық бақылау-тексеру басқармасы (экологиялық аудит мәселелері жөнінде ИНТОСАИ-дың жұмыс тобының төрағасы) экологиялық аудит пен орнықты даму мәселелері бойынша зерттеулердің нәтижелерін ұсынады. Талқылаудың қорытындысы бойынша қоршаған орта саласындағы аудиттің жоғары бақылау органдарына арналған халықаралық стандарттары қабылданады деп күтілуде. Сонымен қатар, шара аясында Оңтүстік Африка Республикасының Бас аудиторының кеңсесі (ЖҚБО-ның маңызын және артықшылықтарын анықтау жөніндегі ИНТОСАИ-дың жұмыс тобының төрағасы) жоғары қаржы бақылау органдарының маңызын және артықшылықтарын анықтау тұжырымдасының жобасын таныстырады. Осы тұжырымдаманы әзірлеген кезде ИНТОСАИ және оның комитеттерінің, жұмыс топтарының қызметтерінің нәтижелері, сондай-ақ ЖҚБО-ның озық тәжірибесі пайдаланылды», делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Сонымен қатар, баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жиын барысында үш жылда атқарылған жұмыстары жөнінде ИНТОСАИ-дың АФРОСАИ, АРАБОСАИ, АЗОСАИ, КАРОСАИ, ЕВРОСАИ, ОЛАСЕФС, ПАСАИ деген өңірлік ұйымдарының төрағалары сөз сөйлейтіні жоспарланған. Бұдан бөлек, конгресс аясында ИНТОСАИ-дың жаңа президенті сайланады.