О.Сәттібаев қытай боксшысынан ұтылды, алайда оның Олимпиада жолдамасын алуына тағы бір мүмкіндігі бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қытайда бокстан Азия және Мұхит аймағы елдері бойынша Олимпиада ойындарына жолдама берілетін турнирдің жартылай финалдық бәсекелері өтіп жатыр.

О.Сәттібаев қытай боксшысынан ұтылды, алайда оның Олимпиада жолдамасын алуына тағы бір мүмкіндігі бар

Осыдан бірер сәт бұрын 52 келі салмақта боксшымыз Олжас Сәттібаев қытайлық спортшы Жиангван Хумен жекпе-жекте ұтылып қалды.

Айта кетейік, шешуші кезеңге шыққан боксшыларға Олимпиада жолдамасы беріледі. Алайда Олжас Сәттібаев қырғыз боксшысы Азат Үсеналиев пен өзбек спортшысы Шахобидин Зоировтың кездесуінде жеңілген былғары қолғап шеберімен рингке шығады. Осы жекпе-жекте жеңіске жетсе оның Олимпиада жолдамасын алуына мүмкіндігі бар.

Еске сала кетсек, бұған дейін 75 келі салмақта рингке шыққан қазақстандық боксшы Дариға Шәкімова кореялық былғары қолғап шебері Ун Жангты ұтып, финалға шыққан еді.

Ал, ерлер арасында 75 келі салмақтабоксшы Жәнібек Әлімханұлы моңғолиялық былғары қолғап шебері Шинебаяр Нармандахты техникалық нокаутпен жеңді.

64 келіде Абылайхан Жүсіпов қытайлық боксшы Цянксун Худы тізе бүктірген болатын.

Өкінішке қарай күндізгі сессияда 56 келіде өнер көрсеткен Қайрат Ерәлиев үндістандық Шива Тапаға жол берген еді. Алайда әлі де үміт бар. Ол ертең, 1 сәуір күні Марио Фернандес (Филиппин) - Чатчай Бутди (Таиланд) жекпе-жегінде жеңілген боксшымен жолдамаға таласады.