Ө.Шөкеев БҚО-ның тасқын судан зардап шеккен Тасқала, Зеленов аудандарында болды
ОРАЛ. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - ҚР Үкіметі басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бүгін БҚО-ның тасқын судан зардап шеккен Тасқала, Зеленов аудандарында болды.
Қазіргі кезде қос ауданда тасқын судан зардап шеккен отбасыларға арналған жаңа үйлер салынуда. Айталық, Тасқала ауданында барлығы 441 үй бүлінсе, соның 72-сі жаңадан салынады. Атап айтқанда, 72 пәтерлік 41 үй құрылысына 336,7 млн. теңге жұмсалмақшы. Бұған қоса 181,7 млн. теңгеге инженерлік желі мен абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Аудан орталығы Тасқалада «Болашақ» деп аталған жаңа шағынаудан бой түземек.
Зеленов ауданында 106 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізетін болады. 106 пәтерлік 56 үй 488,3 млн. теңгеге салынбақшы. Үйлердің дені аудан орталығы Переметный кентінде ірге көтермекші. Сондай-ақ Зеленый ауылында үш екі пәтерлік үй салынбақ. Ал ауданда инженерлік желі мен абаттандыруға 274,9 млн. теңге жұмсалмақ.
Өмірзақ Шөкеев облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божкомен бірге тұрғын үйлер құрылысы барысымен танысып, оған оң бағасын берді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасарымен тілдескен құрылысқа өз үлестерін қосып жүрген тұрғындар қиын шақта қамқорлық көрсеткен Елбасына, Үкіметке, облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.