12:06, 21 Маусым 2010 | GMT +5
Ө. Шөкеев Қазақстанның Ауыл шаруашылығы банкін құруды қолдайды
АСТАНА. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Қазақстанда ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге несие беретін Ауыл шаруашылығы банкін құруды қолдайды.

«Ауыл шаруашылығы банкін құру мәселесі күн тәртібінде тұр. Алайда бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан, Ұлттық банк тарапынан әртүрлі көзқарастар бар. Сондықтан да бұндай банкті құру мәселесі қарастырылып жатыр, бірақ нақты шешім жоқ. Ал менің жеке көзқарасыма келетін болсақ, мен Ауыл шаруашылығы банкін құру қажет деп санаймын», деді Ө. Шөкеев бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың сұрағына жауап берген кезінде.
Ө. Шөкеев қазір Үкімет Ресейдің тәжірибесін, яғни Ресейдегі Ауыл шаруашылығы банкінің қызметін мұқият бақылап отырғанын атап көрсетті. Оның айтуынша, Ресей Ауыл шаруашылығы банкі ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді айтарлықтай табысты несиелеп жатыр.