18:03, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Ө. Шөкеев «Оңтүстік» ӘКК қызметін дамытуға арналған кеңес өткізді
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат. Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Өмірзақ Шөкеев «Оңтүстік» Әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық компаниясы» АҚ қызметін дамытуға арналған кеңес өткізді,

деп хабарлады ҚазАқпаратқа Үкіметтің баспасөз қызметінен. Кеңес барысында «Оңтүстік» ӘКК» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Мырзахметов ӘКК қызметінің негізгі бағыттары және іске асырылып жатқан жобалар жөнінде баяндады.
Атап айтқанда, А.Мырзахметов «Оңтүстік» аймақтық агрокешен» инвестициялық бағдарламасы бойынша Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының барлық (31) ауданын қамтитын 70 жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.ӘКК жобалары жер қойнауын пайдалану, индустриялық- инновациялық даму, сондай-ақ,тұрғын үй құрылысы салалары бойынша іске асырылуда.
Жобаларды іске асыру аймақта отандық тауар өндірушілерді қолдауға, тұрғындарды жүмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Аталған жобаларды іске асыру барысында тек 2008 жылда 411 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сонымен бірге, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен 2009 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Сондай-ақ, құрамына оңтүстік аймақтағы әр облыстан өкілдер кіретін ӘКК жанындағы кәсіпкерлердің қоғамдық кеңесі құрылды. Қазақстан Республикасының бірқатар даму институттарымен және мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі 20-дан астам меморандум бекітілді.