Ө. Шөкеев пен Т. Құлыбаевқа Тараз бен Атыраудағы арнайы экономикалық аймақтар Директорлар кеңесін басқару ұсынылды

«Жаңа заңға сәйкес Директорлар кеңесін құру қажет. Оған жетекші министрліктердің вице-министрлері кіреді. Және Ұлттық әрі жеке компаниялардың мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде басқару ядросын қалыптастыру қажет. Мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде бұл кластерлерді дамытуға басшылық жасауға жеке жауапкершілікті бекітуді ұсынамыз»,-деді Ә. Исекешев бүгін Үкімет отырысында.
Ол «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеевке Тараздағы химиялық паркті, ал «Қазэнержи» қауымдастығының басшысы Тимур Құлыбаевты Атыраудағы Ұлттық индустриялық арнайы экономикалық аймақты басқаруды ұсынды.
«Павлодардағы арнайы экономикалық аймақ бойынша да айқындау қажет. Арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымдарын мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселесін дер уақытында толық шешу керек. Өйткені бұл зауыттар қазір салынып жатыр»,-деді ол.