Ө. Шөкеев Шымкентте «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысы бойынша кеңес өткізеді
АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін селекторлық форматтағы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов өзінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке Шымкентте «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысы бойынша кеңес өткізу жөнінде тапсырма берді.
Мәжіліс барысында аталған құбырдың құрылысына қатысты баяндама жасап жатқан Мұнай және газ вице-министрі Ләззат Қиыновты тоқтатқан К.Мәсімов, бұл деректерді осыдан екі ай бұрын министрдің айтқандығын атап өтіп, атқарылған нақты жұмыстарды баяндауын сұрады. Алайда баяндамашының айтқандарына көңілі толмаған ол: «Баяндама шындықты көрсете алмады. Тіпті мен сіздің баяндағаныңыздан да көп ақпарат білемін. Алайда, сіз қандайда бір жаңалық айтуыңыз керек еді», - деді.
Осыдан кейін Үкімет басшысы Үкімет отырысына Шымкенттен тікелей бейнебайланысқа шығып отырған Ө.Шөкеевке газ құбырына қатысты кеңес өткізуге тапсырма берді.
«Біз келістік, барлық мәселелер шешілді. Қаржы бөлінді. Министр өтінген мәселелерді біз шештік, оған қытайлықтар келісті. Енді құрылысты созбай бастау керек. Артынан әкімдердің бірі «құбыр менің облысым арқылы өтетінін білмеппін деп жүрмесін», - деді К.Мәсімов.