ОАР билігі Мандела мүсініндегі өрескел олқылықты жоюды талап етті

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - ОАР билігі Нельсон Мандела ескерткішінің авторларынан мүсіндегі олқылықтарды жойып, келтірген моральдік шығын үшін кешірім сұрауын талап етіп отыр.

ОАР  билігі Мандела мүсініндегі өрескел олқылықты жоюды талап етті

Ел басшылығының бұлай шүйлігуіне мүсіншілердің ескерткіштегі Манделаның құлағына қоладан құйылған қоянды тығып қоюы себеп болған.

Мүсін авторлары Андре Принслоо пен Рюхан Янсе ван Вююрен биліктің өзі мүсінді тапсыру мерзімін қысқартып, асықтырған соң наразылықтарын осылайша білдірмек болғандарын айтты. Сондай-ақ мүсіннің аяғына министрлік авторлардың аты-жөнін жазуға тыйым салған соң, сәулет туындысының асығыс жасалғанын білдіру үшін әдейі істегендерін де мойындады.

Биіктігі 9 метрлік ескерткіш 16 желтоқсан, Манделаның жерлеу рәсімінен бір күн өткен соң Преториядағы үкіметтік кешеннің алаңына орнатылған-ды. Ескерткіштің авторлары өз «өрескелдігі» үшін халықтан және қара нәсілді көшбасшының артында қалған туған-туыстарынан кешірім сұрады, деп хабарлады ВВС.