09:18, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Обама Ақ үйге қоныстанды
ВАШИНГТОН. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат - Кеше, қаңтардың 20- сы күні өткен салтанатты ұлықтау рәсімінде Барак Обама ант қабылдағаннан кейін АҚШ президенті қызметіне кірісіп, елдің 44-ші Президенті атанды.

Обама АҚШ Президенті ретінде бірінші жарлығына қол қойып, өз әкімшілігін тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Жарлыққа сәйкес, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қызметіне елдің бұрынғы президенті Билл Клинтонның зайыбы және Демократиялық партия жетекшілерінің бірі Хиллари Клинтон, Орталық барлау басқармасының басшысы болып Леон Панетта тағайындалды. Ал Роберт Гейтс Пентагон басшысы қызметінде қалды, деп хабарлайды CNN телеарнасы. Барак Обама кешеден бастап Ақ үйге ресми қоныстанды. Ал Джордж Буш пен оның зайыбы Лора ханым соңғы 8 жыл бойы тұрған Ақ үйді тастап, Техастағы ранчоларына аттанды. Жаңа президентті ұлықтау рәсімінен кейін Дж.Буш пен оның зайыбы тікұшақпен Вашингтонды тастап шықты. Дәстүр бойынша оларды тікұшаққа дейін елдің жаңа президенті мен оның зайыбы шығарып салды.