Обама әкімшілігі жұмыстың соңғы сағаттарында Палестинаға $221 млн аударған
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың экс-президенті Барак Обаманың әкімшілігі Ақ үйдегі жұмыстарының соңғы сағаттарында Палестина автономиясына 221 млн доллар аударған.
Бұған АҚШ Конгресіндегі Республикалық партия ұзақ уақыт бойы қарсы болып келген еді. Бұл туралы дүйсенбі күні кешке Associated Press агенттігі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Оның мәліметінше, Обама әкімшілігі Конгресті бұл ниеттері туралы 20 қаңтар күні таңертең, Дональд Трамптың АҚШ президенті лауазымына ресми кірісерден бірнеше сағат бұрын хат жүзінде хабардар еткен. АҚШ мемхатшысы Джон Керри заңнамашыларға әкімшіліктің қабылдаған шешімі туралы бір күн бұрын жария еткен.
Обама әкімшілігі Палестинаға аударылған қаржыға қосымша сыртқы саясаттағы шығындарға - 6 млн доллар бөлді. Оның 4 млн доллары климатты өзгерту бағдарламаларына, 1,25 млн доллары БҰҰ қамқорлығындағы ұйымдардың қажеттілігіне, сондай-ақ 1,05 млн доллары Ауғанстан мен Пәкістан, сондай-ақ Оңтүстік және Орталық Азия Бюросы істері жөніндегі Мемлекеттік департаменттің арнайы өкілінің қызметін қаржыландыруға бағытталған.
Обаманың мұндай шешімі Конгрестің кейбір мүшелерінің, сондай-ақ Трамп пен оның айналасындағылардың жағымсыз реакциясын туғызуы мүмкін, деп атап өтеді агенттік.