Обама: АҚШ келесі аптада Ауғанстандағы жауынгерлік миссиясын аяқтайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ келесі аптада Ауғанстандағы өзінің жауынгерлік миссиясын аяқтайды. Бұл күндері Гавай аралдарында рождестволық демалыста жүрген АҚШ Президенті Барак Обама американдық әскери қызметшілермен кездесуде осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлады ТАСС.
«Біз 13 жылдан астам уақыт бойы соғыс жағдайында болдық», деді ол, Ауғанстанда 2001 жылғы қазанда басталған операция Вашингтон мен Нью-Йорктегі лаңкестік актілерге жауап екенін айта келіп.
«Келесі аптада біз Ауғастандағы өз жауынгерлік миссиямызды аяқтаймыз», деп сендірді Обама, бұған кездесуге қатысып отырған әскери қызметшілердің бірі «ура» деп айқайлап жіберді, оның қарулас жолдастары бұл хабарды қол шапалақтап қарсы алды.
Обама американдық соғыс науқанының арқасында ауғандықтардың «өз елін қалпына келтіру мүмкіндігі бар» екеніне сенімін білдірді, Құрама Штаттардың да қауіпсіздігі нығая түсті. Ауғанстан «бұдан былай лаңкестік шабуылдардың ошағы болмайды» деп санайды Ақ үй қожайыны.
Ол сонымен қатар, алда әлі де «Иракты қоса алғанда, әлемнің әртүрлі бөлігінде күрделі миссиялар» бар екенін атап өтті, олардың арасында АҚШ-тың «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобымен күреске қатысатынын тілге тиек етті.