Обама бәстен ұтылғаны үшін Канада премьеріне сыра жіберетін болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сочи Олимпиадасындағы хоккей турнирі нәтижесі бойынша бәстен ұтылған АҚШ Президенті Барак Обама Канада Премьер-Министрі Стивен Харперге екі жәшік сыраны беріп жібермек.
Белгілі болғандай, Обама мен Харпен хоккейден ерлер мен әйелдер турниріндегі жеңімпаздар үшін сыраға бәстескен көрінеді және әрқайсысы өз елдерінің құрамасының жеңісіне бәс тіккен.
Нәтижесінде, ерлер турнирінің жартылай финалында канадалық хоккейшілер АҚШ құрамасынан басым түссе, Канаданың әйелдер құрамасы американдықтарды финалда ұтып кетті.
Осыдан кейін енді Вашингтондағы Канада елшілігіне екі жәшік сыра жеткізілетін болды. Бұл сыра Ақ үй бақшасында жиналған балды пайдалана отырып қайнатылған екен.
Атап айтқанда, Обама Харперге төрт жыл бұрын Ванкувер Ойындарында хоккей турнирінің қорытындысы бойынша да ұтылған болатын. Сол кезде де АҚШ құрамасы канадалықтарға есе жіберіп алған еді, деп жазады ВВС.