08:51, 05 Маусым 2009 | GMT +5
Обама: Батыс пен Исламның арасындағы келіспеушілік аяқталуы керек
КАИР. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат - АҚШ Президенті Барак Обама исламға қатысты қалыптасып қалған теріс пікірлермен күресуге уәде берді.
«АҚШ Президенті ретіндегі менің жауапкершілігімнің бір бөлігі - исламға қатысты қалыптасып қалған теріс пікірлермен күресу болады», - деді Барак Обама кеше Каир университетінің мінбесінде ислам әлеміне жасаған үндеуінде. ҚазАқпарат бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. Дегенмен «АҚШ-тың да ? тоқмейілсіп, масаттанған империя емес екенін» атап көрсеткен Ақ үйдің басшысы Батыс пен Исламның арасындағы күдіктер мен келіспеушіліктердің аяқталуы керек екенін атап көрсетті. «Мен мұнда өзара іс-қимылдардың жаңа жолдарын іздестіру үшін келіп отырмын. Әрине жағдайдың бір күнде өзгере қоймайтынын, бір ауыз сөзбен ұзақ жылдар бойы келе жатқан келіспеушіліктің түйінін шеше алмайтынымды түсінемін. Алға жылжу үшін біз бір-бірімізге ашық болуымыз және бір-бірімізді тыңдауымыз керек», - деді Ақ үйдің басшысы өз сөзінде. Обаманың айтуынша, Иран бейбіт ядролық энергияға құқықты, бірақ ол ядролық қару жарақты таратпау туралы шартты ұстануы керек.