11:17, 18 Қаңтар 2015 | GMT +5
Обама бай американдықтар үшін салықты көбейтуді ұйғарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ Президенті Барак Обама американдық заң шығарушыларға елдің салық кодексіне бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынбақшы. Солардың бірі - бай тұратын американдықтар үшін салықты көбейту, деп хабарлайды РБК.
АҚШ Президенті өзінің бастамалары туралы келесі аптада өтетін Конгреске жыл сайынғы жолдауында жариялайды.
Обама заң шығарушыларға жылына 500 мың доллардан астам табыс табатын азаматтар үшін салық мөлшерлемесін қазіргі 23,8 пайыздан 28 пайызға дейін өсіру ұсынысын жасамақ. Басылымның еске салуынша, қазіргі 23,8 пайыз мөлшерлемесін де кезінде Обама орнатқан. Бұған дейін ол 15 пайызды құраған болатын.
Бұдан басқа, Обама мұрагерлікке бағалы қағаздарды алған американдық азаматтарға да салық салу ұсынысын жасамақшы. Бұл өзгерістер ел азаматтар санының 1 пайыздан аспайтын үлесіне тиесілі болады.
АҚШ Президентінің ұсыныстары Конгрестің екі палатасында да саны көп республикалықтардың қарсылығына тап болатыны шамаланып отыр.