Облыс әкімдері фермерлерді тыңайтқышпен қамтамасыз ету жұмысын жеделдету керек – Айдарбек Сапаров
АСТАНА. KAZINFORM – Облыс әкімдері фермерлерді тыңайтқышпен қамтамасыз ету жұмысын жеделдету қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
«Минералды тыңайтқыштарға келетін болсақ, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында барлық өңірге тыңайтқыштарды қолдану бойынша индикаторлар жеткізілді. Биылға шамамен 1,5 млн тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр. Бұл – ғылыми қажеттіліктің 46 пайызы. Өз кезегінде тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру үшін мемлекет тарапынан қажетті шаралар қабылдануда. Бірінші және ең маңызды мәселе – бұл қаржыландыру мәселесі. Жыл сайын тыңайтқыштардың құнын арзандату бағдарламасы бойынша бюджет қаражатының тапшылығы сақталуда. Екіншіден, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін бүгінгі күні отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау көзделген. Субсидиялар тікелей отандық зауыттарға беріледі. Бұл субсидиялаудың мүлдем жаңа тетігі. Оның аясында шаруалар алдын ала арзандатылған тыңайтқыштармен қамтамасыз етілетін болады», - деді ол.
Сондай-ақ министрдің сөзіне қарағанда фермерлердің қазіргі қаржылық жай-күйін ескере отырып, тыңайтқыштарды зауыттардан әкімдіктердің кепілдігімен бөліп төлеуге беру мәселесі пысықталып жатыр. Жалпы, бұл шаралардың барлығы тыңайтқыштарды қолдану көлемін арттыруға ықпал етеді.
«Бүгінгі таңда фермерлерге барлығы 147,5 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді, 173,4 мың тоннаға шарттар жасалды. Бұл бағыттағы белсенді жұмыстар тек Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарыңда ғана жүргізілуде. Осыған байланысты, облыстардың әкімдіктері бұл мәселені бақылауға алып, фермерлерді тыңайтқышпен қамтамасыз ету бойынша жұмысты жеделдетулері қажет. Сондай-ақ егінді сақтап қалу үшін егістіктерге химиялық өңдеуді уақтылы жүргізу керек. Осы мақсатта мемлекет пестицидтердің құнын 50 пайыз мөлшерінде субсидиялау түрінде қолдау көрсетеді. Бұл саламатты фитосанитариялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді», - деді Айдарбек Сапаров.