Облыс әкімдері көктемгі егіс науқанындағы қиындықтар туралы айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында облыс әкімдері көктемгі егіс науқаны кезінде тап болып жатқан қиындықтар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдері көктемгі егіс науқанындағы қиындықтар туралы айтты

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірдегі фермерлер тыңайтқыш пен импорттық техниканың қосалқы бөлшектерінің қымбаттауынан қиындықтар сезіне бастаған.

«Бүгінде өңір диқандарына тыңайтқыштар қорғау құралдары мен қосалқы бөлшектердің 2-3 есе қымбаттауы қиындықтықтар туғызуда. Өнімділігі жоғары импорттық техниканы қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Курс айырмашылығынан бағаның өскені байқалады. Жағдайды бақылау үшін көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша жедел штаб құрылды. Ол штаб туындаған проблемаларды жылдам шешуге жұмыс істейді», - деді аймақ басшысы.

Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдері де тыңайтқыштың қымбаттауы проблема болып тұрғанын атады.

«Былтыр бюджетті қалыптастыру барысында биылға 112,5 мың тонна минералдық тыңайтқыштың құнын субсидиялауға 4,5 млрд теңге қарастырылған болатын. Алайда қазір, өзіңіз де айтқандай, тыңайтқыштардың бағасы 2,5 есе көтерілді. Сондықтан, бұл қаржы жеткілікті болмайын деп тұр. Министрлікпен бірге отырып сөйлестік. Жалпы жергілікті қоймаларда тыңайтқыш бар. Бірақ қымбат болып тұр. Сол мәселе шешімін тапса, дұрыс болар еді», - деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Ал Жамбыл облысының диқандары әзірге 52 мың тонна тыңайтқыш алу туралы келісімшарт жасаған екен.

«Жаңа ғана әріптестерімнің, өзіңіздің айтқаныңызды қолдаймыз. Баға 2,5 есе өсіп кетті. Осыған бір Үкімет тарапынан қолдау болса», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Еске салсақ, Премьер-Министр тыңайтқыш бағасының 2 есеге өсуін сынға алған еді.