Облыс басшысы Жаңақала ауданында болды

ОРАЛ. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жұмыс сапарымен Жаңақала ауданында болды,

Облыс басшысы Жаңақала ауданында болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыс басшысы аудан орталығында құрылысы аяқталуға тақалып қалған ауданаралық аурухананы аралап, облыстық деңгейде шешілетін кейбір мәселелердің барына көз жеткізді. Сондай-ақ ардагерлер саябағы, №3 қазақ орта мектебі, коммуналдық тұрғын үйлер және басқа нысандарда болған әкім актив жиналысына қатысты. Онда аудан әкімі Төлеген Мерғалиев Елбасы Жолдауына орай қолға алынған жұмыстарға тоқталды. Облыс басшысы бұл ретте алда тұрған мақсат-міндеттерді атап көрсетті. Жиында Қамыс-Самар көліне су жіберу, ауыл кәсіпкерлерін қолдау және басқа мәселелер көтерілді. Осыған орай облыс басшысы ауданда үлкен қиындық туғызып отырған су алу жайына орай өзен бойларында болып, қалыптасқан жағдаймен танысты. Облыс әкімі «Бірлік» асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС мен Қызылоба ауылдық округінде болып, асыл тұқымды еділбай қойының төлдерін, көшім жылқысын, мал бордақылау алаңдарын аралап көрді.