Облыс орталықтары мен ірі қалалардың дизайн коды әзірленіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Дизайн код жергілікті жердің ерекшелігін ескере отырып, біртұтас көріністі анықтау арқылы қаланы өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚазАқпарат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс орталықтары мен ірі қалалардың дизайн коды әзірленіп жатыр

Қалаларды кешенді құрылыс салу стандарттарына бейімдеу шеңберінде шағын сәулет түрлері мен абаттандыру тәсілдерін қолдана отырып, республикалық маңыздағы қалалардың, облыс орталықтары мен халық саны 100 мыңнан асатын ірі қалалардың дизайн жобаларын (кодтарын) дайындау жұмыстары қолға алынды.

Дизайн код жергілікті жердің ерекшелігін ескере отырып, қалалық кеңістіктің біртұтас көрінісін анықтау арқылы оны өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл ретте дизайн код дайындау жұмысына ғимараттардың қасбетін әрлеу, инфрақұрылым жүйелеріне дизайн элементтерін енгізу, сондай-ақ жекелеген функционалды аймақтарға, абаттандыру, көгалдандыру және навигация жүйелері мен маңдайшаларға концептуалды шешімдер мен тәсілдер қолданылады.

Қазір Астана, Алматы және Ақтөбе қаласының дизайн коды әзірленген. Қалған қалалар бойынша жаңа стандарттарға сәйкес дайындалып жатыр.

Ведомстводан атап өткендей, дизайн код стилистикалық тұрғыдан біртұтас, жайлы және қауіпсіз қалалық ортаны немесе кеңістікті қолайлы қалыптастыруға мүмкіндік беретін ережелер, талаптар мен ұсыныстардың жиынтығы саналады.