Облыста өлім-жітім 16%-ға азайды - Айдарбек Сапаров
АСТАНА. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының медициналық мекемелерін құрал-жабдықтармен жабдықтауға 5,5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы облыс басшысы Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың жыл сайынғы ұлғаюы арқасында диагностика деңгейі мен медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарды. Жалпы, өлім-жітім деңгейі 16%-ға азайды. Оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан 12%-ға, инсульттерден 24%-ға, туберкулездің таралуынан 5%-ға төмендеді. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру биыл 56%-ға ұлғайып, жалпы сомасы 17 миллиард теңгеге жетті», - деді Айдарбек Сапаров ОКҚ-де өткен брифингіде.
Әкімнің айтуынша, «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 46 медициналық нысан салу жоспарланған. Бұл - фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер. Өңірді дамытудың кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде күзде қаланың жаңа шағын аудандарында ауысымына 250 адам қабылдайтын 2 емхана ашылады. Уәлиханов ауданының әкімшілік орталығы – Кішкенекөл ауылында 250 адам қабылдайтын емхананың құрылысы басталды.
Сондай-ақ, өңір әкімі медициналық мекемелерді құрал-жабдықтармен жабдықтауға 5,5 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Санитарлық автокөлік паркі жаңартылып, жыл басында аудандық ауруханаларға 14 санитарлық көлік берілді. Тағы 18 көлік сатып алу жоспарланып отыр.
«Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін көтермеақы мөлшері ұлғайтылды. Анестезиолог-реаниматологтер, акушер-гинекологтер, онкологтер сияқты аса сұранысқа ие мамандықтардың дәрігерлері 5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлем алады», - дейді А. Сапаров.