Облыстар мен аудандардың аумақтарын дамыту үшін бағдарламаларға өзгерістер енгізу керек - ҚР Өңірлік даму министрлігі

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ауылдық және кенттік округтердің орталықтарын дамытуды облыс аумақтарын дамыту бағдарламаларының, ал әлеуеті жоғары және орта ауылдарды аудандардың аумақтарын дамыту бағдарламаларының аясында жүзеге асыру ұсынылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин айтты.

Облыстар мен аудандардың аумақтарын дамыту үшін бағдарламаларға өзгерістер енгізу керек - ҚР Өңірлік даму министрлігі
«Ол үшін тиісті облыстық және аудандық Іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оларды жұмыс істейтін кәсіпорындарды қолдау мен кеңейту, орта және ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын құру, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ ауылдық инфрақұрылымдарды дамыту бойынша шаралар көзделетін болады», - деді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, тіректі елді мекендерді дамытудың Кешенді жоспарларын және ауылдық, кенттік округтердің орталықтарын дамыту бойынша облыстық жоспарларды өңірлік даму саласындағы уәкілетті органмен келіскеннен кейін облыстық мәслихаттар бекітеді. Ал даму әлеуеті жоғары және орта ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі аудандық жоспарларды аудандық мәслихаттар мақұлдайды. «Бұл тұрғыда облыстар мен аудандардың аумақтарын дамыту үшін бағдарламаларына өзгерістер енгізу керек. Елді мекендерді дамыту бойынша Кешенді жоспарларды, облыстық және аудандық жоспарларды қаржыландыру кезінде қолданыстағы мемлекеттік пен салалық бағдарламаларды, сондай-ақ облыстар мен аудандардың аумақтарын дамыту бағдарламаларын қаржыландыру тетіктерін пайдалану ұсынылады», - дейді С. Жұманғарин. Министрліктің хабарлауынша, ауылдық аумақтарды дамыту бойынша барлық бюджеттік инвестициялық жобалар өңірлік даму саласындағы орталық уәкілетті органмен тиісті жоспарға сәйкестігі жөнінде келісілуі қажет.