Облыстар мен қалалардағы жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар басқармалары таратылуы мүмкін

АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар басқармаларын тарату жоспарланады.
None
None

Бұл туралы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қамтылып отыр. Еске салсақ, аталған құжат Парламент Мәжілісінде кеше таныстырылған болатын.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2013 жылы орталық және өңірлер арасындағы жауапкершіліктің және өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша нақты шаралар қабылдауды, жергілікті атқарушы органдарды күшейтуді тапсырған болатын. Ал заң жобасын қабылдаудың өзектілігі мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін одан әрі ажырату және жергілікті атқарушы органдарды нығайту қажеттілігіне негізделген. Бұдан бөлек, құжат қосарланушылықты болдырмауға, сондай-ақ жекелеген өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге, яғни халыққа және бизнеске жақындатуға мүмкіндік береді. Тиісінше, орталықтан өңірлерге тиісті штат санын қайта бөлу, жергілікті деңгейге қосымша өкілеттіктер беруді қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейін қажетті бюджеттік қаражаттармен және штат санымен нығайту жоспарланады, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқарудың үлгілік құрылымы қайта қаралатын болады.

«Заң жобасы шеңберінде орталық мемлекеттік органдардың жекелеген аумақтық бөлімшелерінің, әкімдіктерінің қызметін қайталайтын функцияларды алып тастау, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың бірқатар құзыреттерін мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейлеріне беру қарастырылған. Мысалы, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар басқармаларын тарату жоспарланады. Олардың азаматтық қорғаныс, апаттар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жою функцияларын орындауды облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлар департаменттеріне жүктеу ұсынылады. Бұл шара Төтенше жағдайлар министрлігі мен облыстардың, Астана және Алматы қалалардың жергілікті атқарушы органдарының арасындағы қолданыстағы параллелизмді жоюға мүмкіндік береді», - делінген заң жобасының түсіндірме жазбасында.

Соңғы жаңалықтар