Облыстардағы 40-тан астам аудан әкімдіктерінің өкілдері мемлекеттік және жергілікті басқару мәселелері бойынша семинарға қатысады
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік және жергілікті басқару және өзін-өзі басқару» тақырыбында бес күндік семинар өтеді. Семинар жергілікті атқарушы органдардың жоғары және орта буынды басшыларына арналған мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру курстары аясында ұйымдастырылмақ.
Іс-шараға қатысатындықтарын елдің барлық облыстарынан 40-тан астам аудан әкімдіктерінің өкілдері қуаттады.
Семинардың басты мақсаты - тыңдаушыларда Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелері бойынша заманауи білім жүйесін қалыптастыру.
Оның барысында мемлекеттік қызметті жаңғыртудың жолдары мен әдістері, ҚР-дағы Мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісінің тұжырымдамасын жүзеге асыру процесі туралы айту көзделген. Сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарының қызметін бағалаудың тиімділігі мәселелерін қарау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың заңнамалық негіздерін зерделеу, ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасын заманауи басқару әдістемесін таныстыру жоспарланған.