Облыстық билікке елді мекеннің мәртебесін өзгерту құзіретін беру керек - депутат
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламентінің депутаттары облыстық билікке елді мекеннің мәртебесін өзгерту құзіретін беруді ұсынып отыр. Бұл жайында бүгін Заңшығармашылық қызмет мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы отырысында Мәжіліс депутаты Тарас Хитуов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елдің әкімшілік-аумақтық бөлінісінің қолданыстағы санаты жекелеге елді мекендердің қазіргі мәртебесін толық көлемде көрсете алмайды. Қазіргі уақытта заңнамада аудандық маңызы бар қаланың мәртебесін ауылдық елді мекенге ауыстыру нормасы жоқ. Бүгінде халық саны бойынша қала мәртебесіне сай келмейтін аудандық маңыздағы 14 қала бар. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісі туралы» қолданыстағы заңмен кемінде 10 мың тұрғыны бар елді мекендер аудандық маңызы бар қала саналатындығы айқындалған. Аталған аудандық маңызы бар қалалардағы халық санының қысқаруына байланысты олардың мәртебесін өзгерту қажеттігі туындайды. Сондықтан аудандық маңызы бар қалалардың мәртебесін өзгертуді айқындаудың нақты тетігі қажет», - деді комиссия отырысында «Өңірлердің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулермен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Т.Хитуов
Оның айтуынша, жоғарыда аталған қолданыстағы заңға сәйкес өңір бірнеше елді мекенді қамтитын республика аумағының бөлігі саналады. Сонымен қатар дәл осы заңда ауылдық округ те өңір деп көрсетілген. Осыған орай бастама болып отырған заң жобасы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісі туралы» қолданыстағы заңға бірқатар түзету енгізуді көздейді. Оның ішінде облыстық өкілдік және атқарушы органдарға елді мекенді ауыл санатына жатқызу құзіретін беру бар.