Облыстық мәслихаттардың жартысында өз сайттары жоқ - ҮЕҰ сарапшылары
«Қазақстанда бюджет әлеуметке бағдарланған және де азаматтардың әл-ауқатына тікелей ықпал етеді. Соған қарамастан, бюджет жобасын талқылау ісіне халық тартылмай отыр, сонымен бірге, бюджетті қалыптастыруға ықпал етуі үшін оның мүмкіндігі жоқ. «ҚР Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқаруы туралы» заңының 13-бабында мәслихаттың тұрақты комиссияларында қоғамдық тыңдауларды өткізу мүмкіндігі қарастырылғанмен, бұл тәжірибе өте аз пайдаланылып отыр. Ақмола облыстық мәслихатының 2010 және 2011 жылғы бюджет жобасы бойынша 2 рет қана қоғамдық тыңдау өткізгені соның нақты айғағы», - дейді «Экономикалық және құқықтық реформаларға қолдау көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Әсел Қырықбаева.
«Экономикалық зерттеулер, бағалаулар мен мониторинг жасау орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы Шолпан Әйтенованың айтуынша, Қаржы министрлігі 2013 жылға арналған республикалық бюджет жобасы мен қолданушыларға ыңғайлы графикалық бейне түріндегі ақпаратты өзінің сайтында жариялады. Ал жергілікті деңгейдегі мәслихаттар, қаржы басқармалары өзінің сайт беттерінде мәслихат сессиясының бюджет туралы шешімдер жобасын жарияламайды және де қоғамдық тыңдауларды өткізбейді. Бұл жағдай еліміздің облыстық мәслихаттарының жартысында өз сайттарының болмауына байланысты шиеленісіп тұр.