Облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты мемлекет қаржысын жымқыру мақсатында қылмыстық топ құрған
АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Елдегі ұйымдасқан қылмыстық топтарды түбегейлі жойып жібердік деуге болмас.
Алайда біз олардың қатарындағы ең ірі, ең ықпалды дегендерінің барлығын құрықтадық», - деді Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукин. Бұл туралы ол бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ұйымдасқан қылмыстық топтармен күреске бағытталған құзырлы органдардың бірі ретінде қаржы полициясы бұл іспен белсенді айналысуда. Қазір бізде жан-жақты қаралып жатқан бірқатар қылмыстық істер бар. Солардың бірі Жамбыл облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты мемлекеттен шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бөлінген қаржыны жымқыру мақсатында қылмыстық топ құрған. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында екінші деңгейлі банктерден заңсыз несие алу мақсатында қылмыстың топ өкілдері жалған құжаттар жасап келген. Одан келген шығын 180 миллионнан астам теңгені құрайды», - деді агенттік төрағасының орынбасары. Оның айтуынша, қазіргі таңда республикада ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес жұмыстары Ішкі істер министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен тығыз байланыста жүргізілуде. «Алдағы уақытта біз бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелерімен таныстыратын боламыз», - деді А.Лукин.