Облыстық сотта тәжірибеден өтіп жүрген судьялыққа үміткерлерді Қоғамдық кеңес бақылайтын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда облыстық сотта тәжірибеден өтіп жүрген судьялыққа үміткер азаматтарды арнайы құрылған Қоғамдық кеңес бақылайтын болады.

Облыстық сотта тәжірибеден өтіп жүрген судьялыққа үміткерлерді Қоғамдық кеңес бақылайтын болады

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің жалпы отырысында комитет төрағасы Серік Ақылбай мәлім етті.

Оның айтуынша, мұндай өзгерту «ҚР сот жүйесі және судьялар дәрежесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында енгізіліп отыр.

«Судьялыққа үміткер азаматты қадағалауға бекітілген судья оның жұмыстан тыс уақыттағы тіршілігін толық бақылай алмауы мүмкін. Ал Қоғамдық кеңес оны тәжірибеден өту кезінде ғана емес, жұмыс барысынан тыс уақытта да бақылап отырады», - деп атап өтті сенатор.

Оның айтуынша, аталған Қоғамдық кеңес тек облыстық соттарда ғана болады. Жоғарғы сотта мұндай кеңес құрылмайды. Себебі судьялыққа үміткер азамат тәжірибеден тек аудандық және облыстық соттарда өтеді. Және олар өздері тәжірибеден өткен өңірлерде одан әрі судья болып қызмет етеді.

«Қоғамдық кеңестің енгізілу себебі, олар үміткердің ар-намысын, адамгершілік қасиеттерін толық бақылайды, ішімдікке құмарлығы жоқ па, параға бейім емес пе деген кемшіліктерін де анықтайды. Егер де бақылау кезінде үміткерлердің осындай қылықтары байқалып жатса, олар судьялыққа өтпей де қалуы мүмкін», - дейді С. Ақылбай.