Обырды ерте анықтау бюджет қаржысын 200 есе үнемдеуге мүмкіндік береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Обырды ерте анықтау бюджет қаржысын 200 есе үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуаныш Нұрғазиев мәлім етті.
«Обырды ерте анықтаудың тиімділігі неде? Мәселен, сүт безі обырын бірінші сатыда емдеуге бюджеттен 120 мың теңге шығындалады. Егер науқаста бұл ауру 4-ші сатыда анықталатын болса, онда онда бюджеттен 27 млн. теңге шығындауға тура келеді. Өйткені, ем-домға қолданылатын дәрі-дәрмегі өте қымбатқа түседі. Бірінші сатыда ота жасаса болғаны, адам дін-аман болады», - деді еліміздің бас онкологы.
Оның айтуынша, 2014 жылы қатерлі ісік обыры 2 мыңнан астам адамнан анықталған.
«Олардың шамамен 30 пайызы бірінші сатыда, 57 пайызы екінші сатыда. Біз ауруды ерте анықтасақ, ерте емдейміз», - деді Қ.Нұрғазиев.