Оффшорлық аймақтар тізбесінен АҚШ-тың бір штаты мен Лихтенштейн шығарылды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Ашық НҚА» порталында оффшорлық аймақтардың тізбесін белгілеу туралы қаулы жобасын көпшілік талқылауына шығарды, деп хабарлайды Kazinform.
«Банк пен сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары қызметінің және бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын басқа да қызмет түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлар мен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мақсаттары үшін оффшорлық аймақтардың мынадай тізбесі белгіленсін», - делінген құжат жобасында.
Атап айтқанда, қаулының қолданыстағы редакциясына 53 ел кірген. Ұсынылып отырған тізбеде АҚШ-тың Делавэр штаты мен Лихтенштейн Князьдігі түсіп қалған.
Делавэр штатының агенттік тізімінен шығарылуына Халықаралық валюта қорының, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми веб-сайттарында жарияланған ақпарат негіз болып отыр. Оның үстіне, 2024 жылдың 1 қаңтарында Америка Құрама Штаттарында Корпоративтік ашықтық туралы заң күшіне енеді. Ол заң компанияларды өздерінің бенефициар иелері туралы ақпаратты және компанияның меншік құқығындағы кез келген жыл сайынғы өзгерістер туралы ақпаратты АҚШ Қаржы министрлігінің Қаржылық қылмысқа қарсы күрес жүйесіне жіберіп отыруға міндеттейді.
Ал Лихтенштейн Князьдігі Еуропалық Одақтың төртінші директивасы бойынша, қаржы ұйымдарының анонимді шоттарды ашуына тыйым салып, қаржылық ұйымдарға қатысты тиісті тексерулер жүргізе бастады. Сондай-ақ шоттардың иелері мен бенефициар иелеріне тексеру талабын енгізді.