Офицерді өлтірген күдіктілер арнайы операция барысында мерт болды

АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы қыркүйектің 13-де 65229 әскери бөлімінің аға лейтенантының зорлық-зомбылықпен өлтірілген денесі табылған болатын.

Офицерді өлтірген күдіктілер арнайы операция барысында мерт болды

Осыған орай екі күн бұрын офицерді өлтірген күдіктілерді құрықтау бойынша арнайы операция іске асырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Әскери прокуратураның баспасөз қызметіне жасап.

Қазанның 13-де жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Алматы облысы Жамбыл аудандық ішкі істер бөліміне іздеуде жүрген 65229 әскери бөлімінің офицері Ж.Раушанбектің Кеңсай шатқалында жасырынып жүргені жайлы суыт хабар келіп түскен. Сол күні Алматы облысының Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімі, Алматы облыстық ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі, Алматы әскери-тергеу басқармасының қызметкерлерінен жасақталған жедел топ шатқалды қоршауға алған.

Қанішерлер полиция қызметкерлерін көре сала, қарулы қарсылық көрсеткен. Оларға қарсы «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі қару қолданған. Соның салдарынан Ж.Раушанбек Ұзынағаш орталық ауруханасына жеткізілгенде қаза тапса, оның қызметтесі Е.Жанұзақов оқиға орнында мерт болған. Сонымен қатар, олармен бірге болған Е.Жанұзақовтың 1998 жылы туылған өгей баласы Асхат Ерланұлы Алматы ІІД кәмелетке толмағандарды уақытша ұстау орталығына жеткізілген.
Оқиға орнынан он бір патроны бар «Макаров» тапаншасы, 16 калибрлі «шолақ» мылтық пен  30 патроны, 2 пышақ, қанжар алынған.